Жануарлар мен құстар туралы жұмбақтар – 6-бет


Төрт туысқан бір шұңқырға құяды.

Сиырдың емшегі


Төсек астында төрт бауырсақ.

Сиырдың желіні


Жол үстінде жылтыр жібек.

Сиырдың сілекейі


Тырс-тырс тамады,
Бір шұңқырға ағады.

Сиырдың желіні


Қисық шағаға су жұқпас.

Сиырдың мүйізі


Ел жатса да екі батыр жатпайды.

Сиырдың мүйізі


Ел жатса да енекем жатпайды.

Сиырдың мүйізі


Бүкір ағашқа қар жұқпас.

Сиырдың мүйізі


Қисық ағашқа қар жұқпас.

Сиырдың мүйізі


Екі ошаққа бір көсеу.

Сиырдың танауы мен тілі


Екі отауға бір көсеу.

Сиырдың танауы мен тілі


Дауысы - азанда,
Жақсылығы - қазанда.

Бұзаулы сиырдың мөңірегені


Екі айнасы бар,
Екі найзасы бар,
Төрт жаптырмағы бар,
Бір шыбыртқысы бар.

Сиыр


Төртеу келеді,
Төртеу асылып тұрады,
Екеу жол көрсетеді,
Екеу иттен сақтайды,
Енді біреу артында асылып тұрады.

Сиыр


Тоғай-тоғай топтаған,
Тоғай ішін боқтаған.
Біреуі өлсе,
Бәрі жиылып жоқтаған.

Сиыр


Жамаулары болса да білінбейді,
Жансызға ондай нәрсе ілінбейді.

Ала мал


Үлгісіз піштім,
Жіпсіз тіктім.

Ала мал


Андыру мен мәндіру,
Тігісі жоқ қондыру.

Ала мал


Кекендеткен несі екен,
Келіп салған несі екен?
Сорпылдатқан несі екен,
Сорқылдатқан несі екен,
Суырып алған несі екен,
Суы тамған несі екен?

Желідегі биені емген құлын


Керіп қойған немене,
Көкектеген немене?
Малып қойған немене,
Бал татыған немене?

Желідегі құлын, піспек, сабадағы қымыз


Тау астында төрт бала,
Кезек-кезек ойнаған.
Төрт баланың қолына
Төрт айды әкеп байлаған.

Аттың төрт аяғы, төрт тұяғы


Алдымда бар нар қамыс,
Артымда бар нар қамыс.
Отырған жерім ой темір,
Басқан жерім бай темір,
Он қолымда-тең қайыс.

Ат, үзеңгі, қамшы, атқа мініп отырған адам


Алты аяқты,
Екі қарынды,
Екі басты,
Екі қолды,
Төрт көз, төрт құлақты,
Екі мойын, бір құйрықты.

Ат мінген адам


Шиге қамшы байладым.

Белбеуге байланған ат


Шауып келе жатып шақшам түсті.

Аттың тезегі


Жездем желіп бара жатыр,
Жез қалпағын түсіріп барады.

Аттың тезегі


Қарасам, қайдан келдің,
Малы қара сайдан келдің.

Аттың тезегі


Ұштым, ұжмаққа шықтым,
Тептім, терекке шықтым.

Атқа міну


Алды қияқ, арты шалғай.

Аттың жалы


Алыстан қарасам бір қара,
Қасына келсем мың қара.

Жылқының құйрығы


Тауға таяқ қыстырдым.

Түйенің мұрындығы


Жануар бар жапан дала түзде өскен,
Арқасына екі бала мінгескен.

Қос өркешті түйе


Мен көрдім тұтам ақас тау жайлаған,
Тауына тиіп кетсең ойбайлаған.
Үстіне қара орман артып алып,
Барса да қандай жерге той-тойлаған.

Жүк артқан түйе


Ермекбайдың екі ұлы ерегесіп келеді,
Төлебайдың төрт ұлы төбелесіп келеді,
Жағалбайдың жалғызы жағаласып келеді.

Түйенің екі өркеші, құйрығы,аяғы


Төлебайдың баласы төбелесіп келеді,
Егізбайдың өгей ұлы ерегесіп келеді.
Екеуі қарауыл қарайды,
Біреуі шөпшек тереді.

Түйенің аяғы, өркеші, аузы


Тасқа тисе кетілмейді,
Суға тисе ерімейді.

Аттың тұяғы


Кішкене ғана тостаған,
Көтеріп қана тастаған.

Аттың тұяғы


Ана таумен мына тау соғысып келеді.

Аттың төрт тұяғы


Екеуі елеңдеп келеді,
Төртеуі төбелесіп келеді.

Аттың екі құлағы мен төрт аяғы


Отырдым мұнан барып оймауылға,
Ілінді екі аяғым байлаулыға.
Қолыма екі қайыс ұстап алып,
Жүргіздім қайда барсам айдауыма.

Мінген ат

Жұмбақ бөлімдері мен түрлері

Жұмбақ жауабымен: балаларға, логикалық, қызықты және тақырыптық бөлімдер.