Оқу жабдықтары, оқу құралдары, білім жұмбақтары

Бұл бөлімде Оқу жабдықтары, оқу құралдары, білім жұмбақтары бойынша қазақша жұмбақтар жинақталған. Қызықты және танымдық сұрақтар берілген. Әр жұмбақтың жауабы бірге көрсетілген. Мұндай тапсырмалар ойлау қабілетін дамытуға көмектеседі.


Ағаштан киген тоны бар,
Пышақпен ұшын жонып ал.
Ақ қағаздың бетіне,
Иректеп салған жолы бар.

Қарындаш


Алты қырлы,
Бiр сырлы.

Қарындаш


Төркінін танысаң,
Жақ аштырмайды.
Танымасаң жарастырмайды.

Сөз


Айғағы жоқ,
Айтары көп
Айтқанынан
Қайтары жоқ.

Кітап


Дауысы жоқ, тілі жоқ.
Сөйлеп кетсе, міні жоқ.

Кітап


Бойлаған сайын тереңге,
Шығасың биік белеңге.

Білім


Бір шыққан соң орнына қайтып кірмес,
Қай жақтан келерін де адам білмес.
Азаттығы сонымен дүниенің,
Онсыз тірі ешкім де дәуір сүрмес.

Сөз


Тыста – арқаңдамын,
Сыныпта – партаңдамын.

Портфель


Бір зат бар тілі жоқ,
Ал, сөзінде міні жоқ.

Хат


Үнсіз тілдесесің,
Өзімен күнде өсесің.

Кітап


Қате жазсаң,
Өшіремін.
Бар міндетім –
Осы менің.

Өшіргіш


Сүйегіңнен өтеді,
Жүрегіңе жетеді.

Сөз


Yнciз тілдесесің,
Өзімен күнде өсесің.

Кітап


Пышақпен ұштала береді,
Бойы қысқара береді.

Қарындаш


Қабат-қабат, қабат-қабат ағаш үй.
Әйнектелген, лакталған тамаша үй.
Тұрады онда әр дәуірдің адамы,
Тұтпайды оны адамның тек наданы.

Кітап сөресі


Мұрнын басса, жабыла сап,
Ернін басса, ашылады,
Ол жоқ жерде, бақыласақ,
Жеті аспабың шашылады.

Сумка


Әрі итерсең аунайды,
Бері итерсең аунайды.
Түрі-түсі түгелдей
Анасынан аумайды.

Глобус


Жез қораның ішінде
Темір құлын кісінеп,
Қайта келіп ісіне
Кіріседі кісі көп.

Қоңырау


Есігі бар төбесінде,
Отырасың келесің де.

Парта


Дүниеге тұмсықсыз-ақ келеді,
Дегенменен тұмсығынан еледі.

Қарындаш


Жоқ өзінде бас та,
Қас та,
Мойын да.
Ұзындығы жазулы тұр бойында.

Сызғыш


Құдығымды қапқа салып,
Бірге өзіммен жүрем алып.
Сәйгүлігім әлсін-әлсін
Су ішеді аузын малып.

Сиясауыт


Білерімнің куәсі,
Білмесімнің куәсі.
Іші толған қолтаңба,
Алып шығам әр таңда.

Күнделік


Қалтамда өмір сүреді,
Қанға толы жүрегі.
Аяғынан тұрмайды,
Төбесімен жүреді.

Автоқалам


Жылжытады алға бізді,
Жылжымайды бірақ өзі.

Класс


Жай көзге көрінбейді
Қозғалуға ерінбейді.

Молекула


Келгенше шамасы
Аямайды көмегін.
Бар адамзат баласы
Содан алар көмегін.

Кітап


Қойған жеріңде жатады,
Қолыңа алсаң өзіңе тіл қатады.

Кітап


Бір сандық бар өзгеше,
Қолыңа алып жүресің.
Ішін ашып ақтарсаң
Өмір сырын білесің.

Кітап


Тұмсығымен қозғалар,
Соңынан аппақ із қалар.

Бор


Сөзі дана, үні жоқ,
Сөйлемейді тілі жоқ.
Қолыңа алсаң шешен,
Ақылы асқан көсем.

Кітап


Ақтан қара өтінді:
Шимайла деп бетімді.

Тақта


Екі өңірін қапсырған,
Сонда барлық тапсырмаң.

Күнделік


Жасыл, сары, қызылмын,
Әжептеуір ұзынмын.
Тұла бойым толған сан,
Түп-түзумін қолдансаң.

Сызғыш


Хабарым жоқ әріптен,
Жазам бірақ дәріптен.

Қалам


Ерекше кескіні бар қызық карта,
Бет-аузы айқыш-ұйқыш сызық карта.

Кескін карта


Жоғалмайды ешқашан,
Түрлендірсек егер де.
Басқа күйге ауысқан,
Жұмыс істейді әрқашан.

Энергия


Қозғалысқа келтіріп,
Жылдамдығын береді.
Өлшемдерін қарасақ,
Ньютонға ол келеді.

Күш


Аяғы біреу, қолы жоқ,
Шиыр-шиыр жолы көп.
Өзі сөйлей білмейді,
Салған ізі сөйлейді.

Қарындаш,қалам

Жұмбақ бөлімдері мен түрлері

Жұмбақ жауабымен: балаларға, логикалық, қызықты және тақырыптық бөлімдер.