Бір нәрсе ала шұбар, қара тұмсық,
Қарасаң басқан ізі қисық-қисық.
Өзі жансыз, жандының күшіменен
Борайды ат үстінде желдей есіп.
Бір жорға бар шабысты,
Ақ қағазға жабысты.
Жорғаласа тайпалап,
Келтірер көп табысты.
Екі басты айдаһар,
Қара суды ішеді,
Қайта құсып ақ жерге,
Өрнектері түседі,
Онсыз жаңа іс болмас,
Адамның қылар ісі еді.
Секіріп жүріп сырғиды,
Тетігі бірақ адамда,
Ақылмен, бимен жылжиды.
Жапанда бір құдық бар суы тәтті,
Ішінде бір бәйтерек бек айбатты.
Жаралған десең болар, қандай шебер,
Адамзат не бол десе, сол болыпты.
Бір бөлек көріп жүрмін жайма базар,
Өн бойы бір азамат қағаз жазар.
Қасында құдығы бар тастан соққан,
Суарып қолда сайман пайдаланар.
Ұзын тұмсық сауысқан,
Бір көлдің суын тауысқан.
Жаны жоқ, бірақ ізі бар,
Жетектеп өзің жүресің.
Сол ізді қайта зерттеп кеп,
Көп нәрсені білесің.
Атыңнан айналайын Әбдіхалық,
Дымдыға дымсыз кірер басы жарық.
Қара-дүр қасы,
Жарық-дүр басы,
Тұқаң-тұқаң еткенде,
Келеді көздің жасы.
Басын қырқамын,
Тілін жарамын,
Су беремін,
Сонан соң өзі сөйлейді.
Өзі арық,
Басы жарық,
Жүрген жері көп әріп.
Жирен тұлпар желгенде
Тұяғынан тер тамар.
Аққан тері әшекей,
Қар үстіне жол салар.
Бір құс бар тап-тамаша тұмсығы ұзын,
Есептеп келеді өзі жердің жүзін.
Салғанда жалтыр мұзда жорғалайды,
Кейбіреу білмейді оның басқан ізін.
Бір ат бар бесеу ара, өзі жорға,
Саламын жорғалатып жолдан-жолға.
Найзамен қар үстіне суды құйып,
Ғажайып бір іс қылдым осы жолда.
Астында төсегі бар салған тағы,
Адамша сөз сөйлейді тілі жоқ, жағы,
Теңізден салған жолы сайрап жатыр,
Мүдірмей ойлап тапшы мұны-дағы.
Ат міндім қарала аяқ қаздақтатып,
Жүргенде жол салады табандатып.
Жаны жоқ қаршыға қолға қонар,
Жем алып қиын жерден аузы толар,
Мен өзім қаршығамнан баһра алдым,
Шешуі осы сөздің қиын болар.
Қаралаяқ ат міндім қаздаңдатып,
Су ішпесе жүрмейді қырсау тартып,
Бір аяғын шалшыққа малып алып,
Тар көшеге салдым табандатып.
Бір басты, екі тілді бір мақұлық,
Жүреді айдалада ырғатылып,
Менсініп ешбір жанмен тілдеспейді,
Өзінің сөйлеспесе досты барып.
Жиһанда қанша ділмар болсаң-дағы
Тұрасың сөйлесе алмай болып ғарып,
Онымен тілдесе алсаң сөз шығарып,
Кісіге пайдасы көп, залалы жоқ,
Дос болсаң бар мұқтажың бітер анық.
- Оразбай Сарыбаев
- Оразбай Сарыбаев
- Оразбай Сарыбаев
- Оразбай Сарыбаев
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі