Ас, тағам, азық-түлік жұмбақтары – 3-бет


Ағарып кіреді,
Қызарып шығады.

Нанның тандырға кіріп шығуы


Бір нәрсе зында деген онан да әрі,
Жауады бұршақ-бұршақ оның қары.
Сол қары көк соқта боп ерігенде,
Үміткер татайық деп жанның бәрі.

Елеген ұн, иленген нан


Бір жансыздың қаны бар,
Тіл үйірген дәмі бар,
Шөлдесең іш, қанып ал.

Кесе мен шай


Аспан түстес сұйық,
Әркім ішер құйып.

Су


Мал төлдеп,
Әр ауыл
Пісірді ақ бауыр.

Уыз


Ең мықты дәрі,
Жұрттың бәрі.
Аусап ішер,
Бал татыр дәмі,
Ненің нәрі?

Шұбат


Аппақ сұйық,
Қалса ұйып,
Шөлің қанады,
Ішсең құйып.

Сүт пен айран


Аппақ ас, сызы бар,
Балалар қызығар.

Балмұздақ


Сұйық еді аппақ,
Бауырдай боп қатыпты,
Ішсең дәмі тәтті-ақ.

Айран


Мал киімі ысталған,
Дәмі дәмді ұсталған.

Мес


Тері құдық қауғасын,
Тарттым да,
Қанып іштім дәмді асын.

Саба


Аппақ су — дәмі тәтті,
Ішсең сусын қандырады,
Шөлдегенде қатты.

Қымыз


Есігі жоқ,
Тесігі жоқ,
Ақ доптың ішінде,
Несібі көп.

Жұмыртқа


Түсі аппақ,
Тысы қатты-ақ,
Екі түрлі уызы,
Жесең тәтті-ақ.

Жұмыртқа


Көлікпен түздің,
Ащы тас сүздім.

Тұз


Өзі ащы, бірақ,
Дәмді етер асты.

Тұз


Беттескен қос табақ,
Ортасында бас тамақ,
Қоз бен шоққа ораса,
Дәм піседі тамаша.

Таба нан


Тісі жоқ кемпір-шалдардың
Таптырмайтын асы.
Тісі бүтін жандардың
Алдында төмен бәсі.

Талқан, жарма


Білсең айтшы, нендей қу,
Жесең аузың ду-ду.

Бұрыш


Бұтақта ілініп тұрамын,
Піскенде себетке құладым.

Жеміс


Айдалада ақ отау,
Аузы-мұрны жоқ отау.

Жұмыртқа


Үсті тас, асты тас,
Ортасында піскен ас.

Таба нан


Судан алады,
Суға салса өледі.

Тұз


Бір құтыда екі түрлі су жатады,
Қайнатсаң мұз боп қатады.

Жұмыртқа


Ақ отаудың есігі де жоқ,
Тесігі де жоқ.

Жұмыртқа


Ұрмай-соқпай жылатады,
Әркiм бiрақ ұнатады.

Пияз


Қос басы жұмыр,
Жiңiшке құбыр,
Iшiне жиған,
Дәмi де шымыр.

Жiлiк майы


Мұз сынды түрi,
Тәттi дәмнiң бiрi.

Науат


Әжем уыстап сығып,
Далада кептiрген.
Қатты әрi тәттi дәмiн,
Кiм бар жеп көрген?

Құрт


Тобатайға құртымдай,
Жаз бойы бiр тынбай.
Жинаған гүл сөлiн,
Не?
Бiлсең, айтшы өзiң?

Араның балы


Өзi ащы,
Бiрақ,
Дәмдi етер асты.

Тұз


Шиге жайып кептірген,
Өзі қышқыл, түсі ақ,
Сорсаң дәмді, түсі ақ,
Жаңғақтай-ақ домалақ.

Құрт


Алыстан қарасам аппақ,
Татып қарасам тәтті-ақ.

Қант

Жұмбақ бөлімдері мен түрлері

Жұмбақ жауабымен: балаларға, логикалық, қызықты және тақырыптық бөлімдер.