Жұмбақтар жауабымен – 12-бет


Жайсаң – саяң,
Жисаң – таяқ.

Қолшатыр


Киіміңнің,
Бұйымыңның
Жатқызады тігісін,
Жатқызады қыртысын.

Үтік


Өзі жып етеді,
Ізімен жіп өтеді.

Ине-жіп


Көктемде ол бір еді,
Күзде мың боп түледі.

Дән


Беретұғын балы бар,
Шағып алса – зәрі бар.

Бал арасы


Бір зат бар тілі жоқ,
Ал, сөзінде міні жоқ.

Хат


Көмір шайнап,
Темір құсады.

Домна пеші


Бір ұяда топтасқан,
Түртіп қалсаң, от шашқан.

Шырпы


Жандылардың ірісі,
Тек мұхитта тынысы.

Кит


Ұшағым бар кіші,
Мінбейді еш кісі.

Инелік


Бір тетігін басқанда,
Алып шықты аспанға.
Басып тағы байқап ем,
Жерге түстім қайта мен.

Лифт


Бір шайнаймын,
Бір шайнағанды
Мың шайнаймын.

Сағыз


Өзі көкте,
Келбеті көлде.

Ай


Тұла бойы – ине,
Тұмсығында – түйме.

Кірпі


Тебесің сен бір,
Тебемін мен бір.
Түсі теңбіл,
Көнбіс зат ең бір.

Футбол добы


Үнсіз тілдесесің,
Өзімен күнде өсесің.

Кітап


Күндіз беті таза,
Түнде бетін әжім басты.

Аспан


«Айдалада ақ отау,
Аузы-мұрны жоқ отау».
Үн естіліп: «Тық-тық!» – деп,
Жарылды кенет быт-шыт боп.
«Шиқ-шиқ!» деген әні бар,
Шықты ішінен жануар.
Сап-сары жүні үлпілдек,
Ойлайсыңдар бұл кім деп?

Жұмыртқа мен балапан


Отыз екі пышақтың
Ортасында бір ат тұр.

Тіс пен тіл


Гүлдерден нәр тереді,
Біздерге бал береді.

Бал арасы


Аңырайған кең есік,
Кірмес бірақ жел есіп.

Терезе әйнек


Тетіктерін бір бассаң,
Қараңғыға нұр шашқан.

Электр шамы


Қате жазсаң,
Өшіремін.
Бар міндетім –
Осы менің.

Өшіргіш


Асты-үсті өндір тас,
Ортасында кендір бас.

Тасбақа


Арзан ба, әлде қымбат па?
Білесің де бағасын,
Барлық затты бір затқа
Айырбастап аласың.

Ақша


Сүйегіңнен өтеді,
Жүрегіңе жетеді.

Сөз


От қойсаң,
Пісіреді асыңды.
Бос қойсаң,
Мәңгіртті басыңды.

Газ


Кешке қарай хор айтады,
Дауыстарын зорайтады.

Бақалар


Саусақ тіреп біртіндеп,
Баса берсең сабазды,
Сөйлетеді бір тілде
Қабат-қабат қағазды.

Баспаханалық мәшине


Мың миллион пернелі
Домбыраны көрген кім?

Темір жол рельсі


Тегі – тышқан.
Өзі – құстан.
Күндіз ұйықтап,
Түнде ұшқан.

Жарқанат


Таңертең де, түсте де
Күнге бетін бұрады.
Тостағанын кішкене
Тосады да тұрады.

Күнбағыс


Төбеде қос қалқаным,
Әлемнен үн тартамын.

Құлақ


Елдің сүйер егісі,
Жер астында жемісі.

Картоп


Жаңбыр жоқта бұғады,
Жаңбыр жауса шығады.

Жауынқұрт


Көктемде бір еді.
Күзде мың боп түледі.

Дән


Төбесінде шашағы,
Кеудесінде масағы.

Жүгері


Іші қызыл, сырты көк,
Ала жаздай үрдім доп.

Қарбыз


Толып жатқан тісі бар,
Ағашпенен ісі бар.

Ара


Кәрілікке таядым,
Үшеу болды аяғым.

Қол таяқ

Жұмбақ бөлімдері мен түрлері

Жұмбақ жауабымен: балаларға, логикалық, қызықты және тақырыптық бөлімдер.