Жұмбақтар жауабымен – 28-бет


Майшабақпен сайыспай,
Үйіріп жүрер басқара.
Тұлғасы ұқсас қайыстай
Шұбатылған таспаға.

Белбеубалық


Тұмсығы — қайықтың күрегі,
Аузымен шөп сүзіп жүреді.

Ескектұмсық


Қарасаң келбетіне
Тұмсығы найзадай.
Шығарып су бетіне,
Қанатын жайса жай,
Көрінер кемедей,
Мұхитта телегей.

Желкенді балық


Қауырсын мұрт шетінен,
Жүзеді тек шалқалап.
Шабақты су бетінен,
Оңай ұстар қалқалап.

Қарабауыр жайын


Тұрқы қысқа, күші мен
Қылығы бар орасан,
Мықты сояу тісімен,
Үлкенді де өзінен,
Қылғи салар жанаса.
Бірақ
Жемі ішінен
Көрінеді қараса.

Қара тажал


Ілгегі бар дәу ұзын,
Керіп ашса ауызын,
Сәуле шашып тістері,
Судың кезген тереңін,
Шақырады қорегін.

Қармақшы балық


Басы доғал,
Мұрты бар.
Аузы апандай,
Ұрты бар.
Түрі китке ұқсайды.

Жайын


Өзі алып кемедей,
Дауылдан ықпайды.
Су шашып,
Телегей
Мұхиттан шықпайды.

Кит


Албыр-жалбыр бір тамыр.

Көген


Қолы төрт, аяғы екеу, белі бір кез,
Ешнәрсе оған тура келмейді кез.
Қолына түскен жанды жібермейді,
Оншама кетпейді де, жүгіріп тез.

Шідер


Пышақ емес, біз емес, кетпен емес,
Шот емес, темір емес, сабы бар.
Саптағанның жаны бар,
Тұтамнан асқан сабында,
Жалғыз-ақ бау табылар.

Бұйда


Барады да барады,
Теңгедей жерді алады.

Таяқ


Бойы түйедей,
Ізі түймедей.

Таяқ


Басқан жері бармақтай,
Аттаған жері атандай.

Таяқ


Бір нәрсе иілмейді күйеу дейін,
Болады қанша жанға сүйеу дейін.
Бармақтай басқан ізі сол хайуанның,
Басады аттап-аттап түйе дейін.

Таяқ


Мәулім-мәулім бастан,
Орта мәулім төстен,
Құлама ет құйрық ұстайды,
Ең жаманы бақай ұстайды.

Аттың жүгені, айылы, құйысқаны және тұсауы


Желе-желе, желе келе,
Қамқа тонын піше келе,
Қандан суын іше келе.

Қамшы


Жансыздан алты жігіт дос болыпты,
Бөгдеден біреу келіп еш болыпты.
Мұрнын тесіп өткізіп тұйық бұйда,
Жетектеген адамдар хош болыпты.

Қамшы


Бір қыздың жүз жиырма түймесі бар,
Бес аспап дөңгелексіз күймесі бар.
Құдайдың құдіретін қарап тұрсаң,
Астында төсек, үстінде көрпесі бар.

Күмістелген ер-тоқым


Бір нәрсе бес бөгенді, тиегі бар,
Темірден салбыраған иегі бар.
Болғанда бірі қолда, бірі белде
Адамға әрқашанда керегі бар.

Жүген


Бір нәрсе бес буынды тиегі бар.
Темірден салбыраған иегі бар,
Болғанда бірі қолда, бірі белде
Адамға, атқа да керегі бар.

Жүген


Жүгіріп келе жатып,
Шақшам түсті.

Таға


Білесің ғой жарты айды,
Міне осындай төрт айды.
Екі он екі шеге геп,
Қойды тасқа шегелеп.

Таға


Аяғыңнан алады,
Көтеріп жерден салады.

Үзеңгі


Тептім, терекке шықтым.

Үзеңгі


Кішкене ғана тостаған
Лақтырып мені тастаған.

Үзеңгі


Отырғаным оба жер,
Басқаным бақыр шанақ.Үзеңгі/

Үзеңгі


Таппақ, табыспақ,
Тай үстіне жабыспақ.

Құйысқан


Ұзын еді кестім,
Жуан еді жондым.
Құдай мұндай қылар ма,
Отыруға ыңғайлы болар ма?

Ер


Ұзын еді кестім,
Қысқа еді керттім,
О қылдым, бұ қылдым,
Көтіңе үлгі қылдым.

Ер


Отырса аттан биік,
Тұрғанда аласа.
Ойлап көріңіз,
Бұл не деген тамаша?

Ер-тоқым


Аттан биік, иттен аласа.

Ер-тоқым


Бір нәрсе екі аяқты, бөксесі жоқ,
Қолы бар, белі нәзік, кеудесі жоқ.
Тамаша ұстағанын жібермейді,
Әркімнен қуаты артып, көңліне тоқ.

Шідер


Жәндікке барып жабысар,
Асаумен де алысар.
Бағыт сілтеп адамға
Көмекші болып алысар.

Жүген, ноқта


Алдында екі аяғы,
Артында бір аяғы.

Шідер


Балдыр-балдыр басынан алыпты,
Тәңірберген тамағынан алыпты,
Құдайберген құйрығынан алыпты,
Ең мықтысы белінен алыпты.

Жүген, сағылдырық, құйысқан, тартпа


Бір нәрсе бес буынды, тиегі бар,
Темірден салбыраған иегі бар,
Болғанда бірі қолда, бірі белде,
Адамға әрқашанда керегі бар.

Жүген


Екі темір, бес ілгек,
Ортасында селкілдек.

Жүген


Отырған жері ой-шұңқыр,
Басқан жері бай-шұңқыр.
Алдымда қылқан,
Артымда қылқан.

Ер, үзеңгі, аттың жалы, құйрығы


Тұтам ағаш тау жайлаған.

Мұрындық

Жұмбақ бөлімдері мен түрлері

Жұмбақ жауабымен: балаларға, логикалық, қызықты және тақырыптық бөлімдер.