Жұмбақтар жауабымен – 47-бет


Сөйлесе сөзді,
Айтса ауызды,
Тынысы басқа,
Маңдайы қасқа.

Тоты құс


Меңгіл-меңгіл, меңгілше,
Меңгілде бар тарғылша.
Желіп кетсе жеткізбес,
Жерге түссе табылмас.

Бөдене


Желіп кетсе, жеткізбейді,
Тап қасында жатса да адам көрмес.

Бөдене


Тал басында ағаш үй,
Терезесіз тамаша үй.
Соны мекен етеді,
Қыста алысқа кетеді.

Қара торғай


Даланың көріп пе едің молдаларын,
Тыңдаңыз ол сорлының айтқан зарын.
Жиылып бір араға ойбайлайды,
Кез келген дүниеге ол бір жарым.

Торғай


Қайталап атымды,
Көктемде ән саламын.
Кез келген ұяға,
Жұмыртқа табамын.

Көкек


Мысық бастан,
Жапалақ түстен.

Үкі


Бір құс бар үлпілдеген жүні жұмсақ,
Тұяғы бейне болат алмас пышақ.
Тұмсығы имек, көрмейді күндіз көзі,
Шарықтап көкті кезіп, түнде ұшады.

Үкі


Күндіз ұшпас,
Түнде ұшар,
Құс қанатты,
Тышқан суретті.

Жарқанат


Жар басында жарбиған,
Құлақтары қалбиған.
Тышқан, құс аңдып жүреді,
Бұл құсты кім табады?

Жарқанат


Күндіз жоқ,
Түнде бар.

Жарқанат


Әкесі тышқан,
Шешесі құстан.

Жарқанат


Бар екен бір мақұлық шағын ғана,
Мекені күндіз оның биік жарда.
Ұшпайды ол мақұлық күндіз тіпті,
Ұшады кешке таман күн батқанда.

Жарқанат


Бір құс бар жан білмейтін ішкен асын,
Адамға көрсетпейді жұмыртқасын.

Жарқанат


Бір мақұлық түспейді екен мұнарадан,
Бір күнде тағам татар әр қарадан.
Басында қара жылтыр кепесі бар,
Белінде белбеуі бар күлпарадан.

Сауысқан


Айтамын бір жұмбақты сізге нұсқап,
Басына бөрік киер, құндыз ұстап.
Үстіне ақ камзолын киіп алып,
Жүреді екі қолын артына ұстап.

Сауысқан


Бір топ жыңғыл ішінде,
Бір жапырақ қызыл гүл.

Қырғауыл


Бір топ қамыс ішінде
Шақырады жанды гүл.

Қырғауыл


Дүниеде бір молда
Уағында азан оқиды.
Мезгілінде айқайлап,
Қайтып кеп жер шұқиды.

Қораз


Қызылдан киген киім, басқа қалпақ,
Саусағы төртеу болған, емес жалпақ.
Үстіне неше түрлі тон жамылып,
Басады мас адамша талтақ-талтақ.

Қораз


Басы тарақ,
Арты орақ.

Қораз


Ерте тұрады,
Жар шақырады.

Қораз


Жер басқанның жүйрігі,
Аспаннан келер бұйрығы.
Бұйрығы жетіп келгенде
Шошаңдайды құйрығы.

Бүркіттің қоянды алуы


Елең, елең етті,
Қарға ауылға қона кетті,
Қақтың суын іше кетті.

Бүркіт


Айуан екі аяқты, асқан батыр,
Басына о батырдың тіккен шатыр.
Шешерсің дана болсаң бұны біліп,
Кел-кел деп, қан майданға шығысқанда,
Бір айла адамзатта болып жатыр.

Бүркіт


Таудан тоқым лақтырдым.

Бүркіт


Бір нәрсе екі аяқты, сегіз бармақ,
Іліксе дүниенің бәрін алмақ.
Өзінің тілі бар да тістері жоқ,
Жұтады көрінгенді алмап-жалмап.

Бүркіт


Далаға отау тіктім қонақ үшін,
Қонақ кісім ақылы шолақ үшін,
Қонақ қонып жатқанда үй жығылып,
Үй үстінде қалыпты қонақ кісім.

Бүркіт


Үйде отырады, жатпайды,
Көзін терімен қаптайды.
Жазда бекер тұрса да,
Бергенді қыста ақтайды.

Бүркіт


Қырық қылыш, найзалы қай жануар,
Асынған және он екі қанжары бар.
Көңіл жер мен көктің арасында,
Жігіттер, мұны байқап аңғарыңдар.
Болады бұған әуес көп адамзат,
Шежіре көкірегі жазылған хат.
Қолына шынжыр арқан ұстап жүріп,
Астына мініп отыр алтыннан тақ.
Басында құрулы тұр алтын шатыр,
Ғайыптан қызығы бар бұл бір батыр.
Барғанын тіпті аман жібермейді,
Адамзатсыз болмайды әуел ақыр.

Бүркіт, қырық қылыш-жиырмадан екі қанаты, он екі қанжар-он екі тал ұзын құйрығы, сегіз найза- тұяқтары, шынжыр арқан-аяқ бауы, алтыннан тақ-тұғыры, алтын шатыр-томағасы


Жездекем
Бұраса құлақты,
Селдетем
Құбырдан бұлақты.

Су краны


Тілі бар түймелі,
Кеңірдегі кернеген,
Ән менен күй кені.

Сырнай


Шұқысаң көзін,
Көрсетіп төзім,
Арашаға
Біреуді шақырар,
Өзі тыныш отырар.

Телефон


Шұқысаң көзін,
Көрсетіп төзім,
Арашаға
Біреуді шақырар,
Өзі тыныш отырар.

Телефон


Көлшігім бар төбемде,
Аптапта жуынам,
Піл тұмсықпен себем де.

Душ


Жайсаң - түңлік,
Жисаң - діңгек.

Қолшатыр


Дөңгелек өзі,
Төртеу көзі.
Ұстайды мықтап,
Тұрғанды сырттап.

Түйме


Киімдегі қуыс,
Ұсақ-түйекке ыдыс.

Қалта


Іші мата,
Тысы мата,
Арасы мақта,
Төрт бұрышты қабылған.
Бұл не,
Жатарда табылған?

Көрпе


Қандай байлық ішінде,
Барын өзім білетін,
Қоймалар көп үстімде,
Көшіп бірге жүретін.

Жанқалталар

Жұмбақ бөлімдері мен түрлері

Жұмбақ жауабымен: балаларға, логикалық, қызықты және тақырыптық бөлімдер.