Жұмбақтар жауабымен – 54-бет


Жер түбінен боз жорға ат келеді.

Боран


Ұстасаң - қолға ілінбес,
Қарасаң - көзге көрінбес.
Жүрсе ізі жоқ,
Көретін көзі жоқ.
Гулесе күші бар,
Таңқаларлық ісі бар.

Боран


Қыс болса қыр мен ойды аралайды,
Жаз болса қозғалуға жарамайды.

Боран


Қанаты жоқ ұшады,
Аяғы жоқ желеді,
Аузы жоқ ұлиды.

Боран


Қуып едім мойнын бұрмады,
Ұстайын деп ем қолға тұрмады.

Боран


Терісін жыртпай етін жеген,
Жілігін шақпай майын жеген.

Аяз


Есіктен кірді еңкейіп,
Төрге шығады қампайып.

Аяз


Құлағы мен көзі жоқ,
Жоқ тіпті қол мен аяғы.
Бірақ ғажап өнерпаз,
Мәнерлеп ою ояды.

Қырау


Жазда болмайды,
Қыста болады.
Терезеге қонады,
Әсем ою ояды.

Қырау


Шолақ мылтық жер теседі.

Тамшы


Мұрынсыз шымшық мұз теседі.

Тамшы


Тама-тама тас тескен.

Тамшы


Жездекем жезді қамшысымен жер шұқылайды.

Тамшы


Бір нәрсе өліп жатыр, жетіп ажал,
Малының қисабы жоқ безбенге сал.
Сүйегі көкте де емес, жерде де емес,
Жігіттер, көңіл қойып, ойлаңыздар.

Қар


Бір түйем жүре алмайды майы көптен,
Ол түйем тойынбайды жеген шөптен.
Егер де осы түйем өліп қалса,
Сүйегі табылмайды жер мен көктен.

Қар


Батырмай жерге қонады,
Жердің беті оңады.
Қыста ғана тұрады,
Ұстасаң қолың тоңады.

Қар


Ақ жібек асыл көрпедей,
Қыс болса жерді жабады.
Жазғытұрым болғанда,
Су болып сайға ағады.

Қар


Аппақ етіп айналаны,
Ақ көбелек айналды;
Әбден қонып болған соң,
Жер әлемде жайланды.

Қар


Жерге қонған аспаннан көп көбелек,
Жазда іздесем бірі де жоқ көбелек.

Қар


Бір көрпем болушы еді ақ бәтестен,
Кім екен ыстық қолмен оны сөккен.
Төсекке көк пүліштен кілем салып,
Ғайып боп кетті өзі жер мен көктен.

Қар


Жер жиһанға ұн шаштым.

Қар


Мамықтай ұлпа,
Қанттай ақ.
Қыста жер бетін басады,
Жазда сайға қашады.

Қар


Қара сиыр туып кетер,
Қара сиыр жатып қалар.

Қардың кетуі


Қыста бар да, жазда жоқ,
Ол көп болса көңіл тоқ.

Қар


Ақ қойым тұрып кетті,
Қара қойым жатып қалды.

Қар мен жер


Қыстыгүні аппақ,
Жаздыгүні сұп-сұйық.

Қар, су


Төмен қарап өседі,
Күн жылына өшеді.

Сүңгі


Шешесі-су да, әкесі-суық,
Көктемде өлер күзгүні туып.

Мұз


Арқалық салмай үй жаптым,
Суықта жылжымай жаттым.

Мұз


Қыста өседі ақ сәбіз
Төбесінде үйлердің.
Дәнегі жоқ шақсаңыз,
Соның үшін тимедім.

Мұз


Отқа күймейді,
Суға шөкпейді.

Мұз


Отқа жанбас,
Суға батпас.

Мұз


Қайда қазған,
Тағдырда жазған,
Барлық жұртқа бір ана.

Су, дария


Базардан әкелген бұлымыз,
Жон терісін тіліңіз.
Еті арам, сорпасы адал,
Мұны не деп біліңіз.

Құдықтың суы, топырақ


Бар екен бір мақұлық өзі жансыз,
Келеді кей жері әлді, кей жері әлсіз.
Кеудесі жерден шығып, жерге кірген,
Шешуін мұның біраз ойланарсыз.

Аққан су


Аяғы жоқ жүреді,
Сылқ-сылқ күледі.

Су


Бар-бар, бар атым,
Бар бойынша жорға атым.
Ажырақ көрсең, тістеме,
Байтал көрсең, кісінеме.

Су


Бір жылан жол салыпты әрбір сайға,
Сай түгіл жол салыпты әрбір жайға.

Су


Қара атым қалтырауық,
Қабырғасы жалтырауық.

Су


Ұзын-ұзын ұз келеді,
Ұзын бойлы қыз келеді.
Қасы қалтырап,
Көзі жалтырап.

Су

Жұмбақ бөлімдері мен түрлері

Жұмбақ жауабымен: балаларға, логикалық, қызықты және тақырыптық бөлімдер.