Жұмбақтар жауабымен – 67-бет


Қатар-қатар қара нар,
Аспанменен бара бар,
Алды биік, арты жар.

Құмырсқа


Екі басы жұдырықтай,
Ортасы қылдырықтай.

Құмырсқа


Ұзын-ұзын ұзардай,
Ұзыннан аққан сулардай.
Ағаш атқа мінгізіп,
Ұзартып қойған мұнардай.

Өрмекші


Аспаннан ұшып түсті жатқан тері,
Қалың тоғай ну жыныс жатқан жері.

Кене


Кішкене ғана түйме тас,
Атан түйе тарта алмас.

Кене


Қарайып ұшты қарғадай,
Бармаған жері қалмады-ай.
Жерге түсті, ін қазды,
Аяғымен тырмалай.

Қоңыз


Ғажайып бір нәрсе бар қатқан тері,
Өзінің қалың тоғай жатқан жері.
Бір күні аштан өлмей, тоқтан өлер,
Жігіттің мұны табар кемеңгері.

Түйе кене


Бір мақұлық айдалада қорған салған,
Азапты ажалдымен соған барған.
Мен емес бұл жұмысты айтып жүрген,
Бұрынғы азамат ер содан қалған.

Қара құрт


Ана таудың басында ұйыған қатық,
Ол қатықты көрмейді дәмін тартып,
Дәмін татқан қалады сеспей қатып.

Қара құрт


Біз жаздық аулым қонған текшесіне,
Етіктің жез қақтырдым өкшесіне.
Айуанда төрт аяқты бір нәрсе бар,
Бөренесін байлаған бөксесіне.

Инелік


Бар еді бір жұмбағым жүрген сайда,
Қолында қылышы жоқ, екі найза.
Қарынды екі найза болғанменен
Қылыш пен ай балтадай болмақ қайда.

Бұзаубас


Ат басты,
Арқар мүйізді,
Бөрі кеуделі,
Бөкен санды,
Қос қанатты,
Құмырсқа ізді,
Бота тірсекті.

Шегіртке


Бір құс бар ұшып жүріп ән салады,
Әркімге қонақ болып бір барады.
Барлығы мақұлықтың ығыр болып,
Дауысын естігендер зар қағады.

Маса


Өзім үшін сені ұрам,
Сен үшін өзімді ұрам,
Сен үшін өзімді ұрсам-
Ағады менің қаным,
Жарылады сенің қарның.

Маса


Аспанда ақ сары құс шу салады,
Жабысып тақыр жерден су алады.
Адамнан су алған тым өзгеше
Дуылдатып денеңе у салады.

Безгек масасы


Қарабай аттан жығылды,
Халық соған жиылды.

Түкірікке жиылған шыбын


Қыс кезінде ұйықтап жатар,
Жаз мезгілі думан ашар.

Шыбын


Бар жұмысы ермегі.
Талмай қанат қағады.
Еңбекті қош көрмейді,
Жат ыдысты бағады.

Шыбын


Иісшіл - ит емес,
Ұшады -құс емес.

Шыбын


Шидім, шидім, шидім құс,
Ши басына қонған құс.
Қарқаралы қара құс,
Хан басына қонған құс.

Шыбын


Гүл ұшып гүлге қонады,
Гүл бақшам гүлге толады.

Көбелек


Бар екен бір мақұлық ұннан майда,
Өз басын айдайды екен қиын жайға,
Ұстасақ үгітіліп жоғалады,
Дамылдап отырмайды ешбір жайға.

Көбелек


Он кемпір мұз арқалап тұр.

Тырнақ


Жүруге жоқ, шығуға жарар жаны бар,
Тәртіппенен тұратын өз әлінше сәні бар.
Керек болар кейін деп түйіп алған,
Азық қылар бір азырақ дәні бар.

Егін


Екі бөліп жотаны,
Сұлап жатқан семсердей.
Тас қайрақтай табаны,
Жатады бір теңселмей,
Құмырсқадай қаптап жай,
Машиналар мың қилы,
Тізбектеліп тоқтамай,
Үстіменен сырғиды.

Жол


Өртесең де ерімейді,
Не тот басып шірімейді,
Өн бойына су сіңбейді,
Ылғал тартып, ірімейді.

Тас


Қурап тұрған кеңістік,
Күн күйдірер маңдайды.
Аптабы бар ең ыстық,
Кебірсітер таңдайды.

Шөл


Шөміші жоқ,
Теңізді сапырады.
Кебісі жоқ,
Егінді жапырады.

Дауыл


Көрінбейді өзі,
Терезені ұрады.
Айтатын жоқ сөзі,
Ысқырып тұрады,
Болмаса да аяқ-көзі,
Серуен де құрады.
Бұл не?

Боран


Бір дүлей күш — қас пейілді,
Итереді кеудеңнен.
Алысайын десең,
Қолға түкте іліктейді.

Боран


Жерді тырнап,
Бұтаны ырғап.
Шөпті сипап,
Ұшады зырлап,
Жанын қинап,
Ұлиды зарлап.

Боран


Шөпті жапырып,
Құмды сапырып,
Қоқысты үйіріп,
Әкеткен не шүйіріп?

Құйын


Туған жердің белбеуі,
Шұбатылып қалыпты.
Керемет-ау кернеуі,
Тасты тесіп, жарыпты.

Өзен


Бірде былдыр-былдыр,
Сәбилердің тіліндей,
Бірде сыңғыр-сыңғыр,
Қоңыраудың үніндей,
Ән сап жатқан ерінбей,
Бұл не?

Бұлақ


Еш тесікке тұрмайды,
Ол жоқта жер құрғайды.

Су


Күннің көзі түйілді,
Көкте бұлт үйірілді.
Сұйық моншақ шашылып,
Жерге нәр боп құйылды.

Тамшы


Алдымда тұрды ақ түбіт,
Бірақ ұстай алмадым,
Жүгіріп барып аптығып.

Сағым


Аспан түйді қабағын,
Сұр пердесін керді де,
Жапты жердің танабын.

Тұман


Сұрғылт түтін,
Бүркесе маңайды,
Адастырар талайды.

Тұман


Жиегіне шатырдың,
Судан шеге қатырдым.

Сүңгі

Жұмбақ бөлімдері мен түрлері

Жұмбақ жауабымен: балаларға, логикалық, қызықты және тақырыптық бөлімдер.