Жұмбақтар жауабымен – 83-бет


Базардан келген көк лөк,
Көк лөктің көзі көк.
Үстіндегі Жәнібек,
Жәнібектің жаны жоқ.

Тасбақа


Өмірі шықпай үйден бір,
Өз үйін өзі сүйреп жүр.

Тасбақа


Айдалада тостаған,
Оны нағып тастаған.

Тасбақа


Сауыттан мықты шапаны,
Жиырылып кейде жатады.

Тасбақа


Жау келсе қатты сасады,
Құйрығын тастай қашады.

Кесіртке


Ши түбінде шұбар кездік.

Кесіртке


Дүнияда кірпіксіз жан не болады?

Жылан


Иір-иір ізі бар,
Құлағы жоқ, көзі бар.
Түсі суық ызғарлы,
Ауызында айыр бізі бар.

Жылан


Кемпір - тіссіз,
Жүрсе - ізсіз,
Тисең - зиянды,
Өлтірсең - қиянды.

Жылан


Орманнан шығар,
Сырты шұбар.
Ала түрлі,
Кілтең сырлы.

Жылан


Жоқ екен бір құйрықтан басқа қару,
Ешқандай кәсіп етпес, пайда табу.
Өзіне жастан болған әдет екен,
Мақұлыққа жақындасқан найза салу.

Жылан


Жап-жалаңаш мақұлық,
Адам көрер түрі жоқ.
Тиіп кетсе қақсатар,
Қабырғада міні жоқ.

Жылан


Айыр-айыр тілі бар,
Шұбар ала түрі бар,
Бәр жәндіктің ішінде,
Қауіптісі сол, біліп ал.

Жылан


Дүниеде бір найза бар сапталмаған,
Мүлкім деп ешбір адам сақтамаған.
Бұрынғы өтіп кеткен қариялар,
Найзаның тиген жерін мақтамаған.

Жылан


Айтайын бір жұмбақты сізге батыр,
Өзінің асты кеуек, үсті жалтыр.
Қазандай қара тастың бауырында,
Бір сүйір адам таппас зәрлі жатыр.

Жылан


Ши түбінде шығыршық.

Жылан


Шөп арасында ұзын қамыс.

Жылан


Жол үстінде майлы қайыс.

Жылан


Жапырақ астында қара пышақ.

Жылан


Төсек астында шылғи қайыс.

Жылан


Ізі бар,
Адымы жоқ.

Жылан


Жылт-жылт еткен,
Жылға сайын өткен,
Бар адам безген.

Жылан


Аяғы жоқ, қолы жоқ,
Жүріп кетсе жолы жоқ,
Үстіне біткен жүні жоқ,
Сыйдырып қойған таспадай,
Сипаласаң міні жоқ.

Жылан


Ұзын-ұзын, ұзын келер,
Ұзын бойлы қыз келер,
Қабақтары қалтырап,
Маңдайлары жалтырап.

Жылан


Жер астында жездем қамшысы жатыр.

Жылан


Жәндік көрдім аласа,
Түрі басқа тамаша,
Ешбір жанға қосылмас,
Жүреді өзі оңаша.
Бірі бата алмайды
Қасқыр, аю, жолбарыс,
Ортаға алып қамаса.

Кірпі


Бір мақұлық бар еді жүрген саяқ,
Кеудесіне қарасам мүштімдей-ақ.
Түрін байқап қара да, ет тамаша,
Үстінде көтеріп тұр бір мың таяқ.

Кірпі


Бір түйем бар үстіне жантақ артқан,
Өзі сондай кетеген құдай атқан.

Кірпі


Айтайын бір жұмбағым тұңғиықта,
Жаратқан барша жанға бір бұйрықты.
Болғанда қоян құлақ, қой құйрықты,
Болғанда мысық аяқ, түлкі тұмсық,
Айнала тікенек, бір жүні қылшық.

Кірпі


Далада жабулы тоқпақ жатыр.

Кірпі


Ағашты орманның түбінен табасың,
Ине шаншылған жөке деп қаласың.

Кірпі


Ұзамай аз жортад,
Жол жүруге шорқақ.
Үсті толған ине,
Кіріп кетер, тиме.

Кірпі


Шықпайды бір мақұлық қорасынан,
Түгінің ине өтпейді арасынан.
Тап мұндай мақұлықты көргенім жоқ,
Айрылар туа салып анасынан.

Кірпі


Алпыс кісі аяқтастың,
Ал таңертең таяқтастың.
Бәрін бір жерге жатқызып,
Кейде ұрысып алып қаштың.

Кірпі


Дегендей ешкім тимесін,
Алыпты қадап инесін.

Кірпі


Төрт аяқты,
Мың таяқты.

Кірпі


Текшелеп тебен арттым томашаға,
Домалағы жазылар оңашада.

Кірпі


Өзі шұбар,
Тамағына таққаны -
Екі тұмар.

Шортан


Бар екен үш қанаты ұшып кетпес,
Егін сап жұрт қатарлы кәсіп етпес.
Өзінің мекенінен шығып кетсе,
Тіршілік көремін деп үміт етпес.

Балық


Алуан дүркін аузында бір әккәр,
Неше жұтқан жануарды көрдім әней,
Сүйегі бақша-бақша тұр дәней.

Балық

Жұмбақ бөлімдері мен түрлері

Жұмбақ жауабымен: балаларға, логикалық, қызықты және тақырыптық бөлімдер.