Жұмбақтар жауабымен – 84-бет


Бір нәрсе қанаты жоқ ұшқан биік,
Сонда да жүрмейді екен жерге тиіп.
Арасын жер мен көктің өрт алса да,
Кетпейді ешбір жері отқа күйіп.

Балық


Жел, жел, жел бием,
Желіндесе кім білер.
Жау жапырақ түбінде,
Құлындаса кім білер.

Балық


Бір нәрсе жүре алмайды жерді басып,
Жерде жоқ бұйыратын оған нәсіп.
Тұрағын ол нәрсенің адам білмес,
Айтпаса түсіндіріп біреу ашық.

Балық


Көл, өзен, дарияны жаны сүйген,
Жасынан қора салып, қамыс шиден.
Қаншама терең суды бойлағанда
Үстіне бір тамшы да су тимеген.

Андатыр


Сұм жүзді, құралай көзді,
Киікше секірген,
Бура санды, жолбарыс тонды.

Құрбақа


Сасық көлде ит үрер.

Құрбақа


Тарпаң, тарпаң тарбиған,
Түрі жаман жарбиған.

Бақа


Жапа-жапа жапалақ,
Дігірманға бақылдап.

Бақа


Ағараңдап аузын ашқан,
Соқыраңдап жерді басқан.

Бақа


Бар екен бір мақұлық дауысы зор,
Қолдары адамға ұқсас, нәсілі сол.
Үйлері тас бұлақтан жаратылған,
Тапқан адам алады бәйгіні мол.

Бақа


Құдіреттің бір құсы,
Көкте десем ізі жоқ,
Мекенінен шықса өледі,
Оған қылар емі жоқ.
Құлағы жоқ, көзі бар,
Түсі суық ызғарлы,
Аузында айыр бізі бар.

Балық


Суда өмір сүреді,
Сусыз жерде шөлдейді.
Абайсызда ұстасақ,
Кетемін деп көнбейді.

Балық


Жаны бар, қаны бар,
Бес сағат жерде тұрса,
Жаны да жоқ, қаны да жоқ.

Балық


Демсіз-үнсіз,
Жүрсе-үнсіз.
Басса ізі жоқ,
Жүрсе жолы жоқ.

Балық


Қанатты бір мақұлық ұшып жүрмес,
Өңгедей бұл жалғаннан дәурен сүрмес.
Ыстық пен жаздыгүні пәрмені жоқ,
Тоқсанда жаурадым деп үйге кірмес.
Бәрінде жердің жүзін өрт алғанмен
Құдайның құдіретімен отқа күймес.

Балық


Басы бар да шашы жоқ,
Көзі бар да қасы жоқ.
Жүретін аяғы жоқ,
Суықта тоңбайды,
Ыстыққа күймейді.

Балық


Ішінде бар жылқысы,
Сыртында бар құлпысы.
Табанымен ит басқан,
Әр нәрседен көп сасқан.
Ши түбінде жемі бар,
Бишараның бас бармақтай меңі бар,
Осыны тапсаң, жеңдің ал.

Қоян


Байшағырдың түбінде балалап жатқан дуадақ.

Қоян


Қос құлағы тас төбеде ұзын-ақ,
Сыбдыр сезсе жөнеп береді зымырап.
Қысты күні қалың қарлы кеуекте
Шөпті азық қып жатады біраз тыным ап.

Қоян


Бір мақұлық сар даланы ен жайлаған,
Ит мініп, есек тіркеп, түйе айдаған.
Мұнымды зерек болса ойлап табар,
Тапқанша зерек емес жыл айналар.

Қоян


Ит мінген,
Есек өңгерген,
Ешкі бөктерген,
Келеді бір мақұлық түйе айдаған.

Қоян


Түйе тұмсық, ит табан,
Көзін жұмбай ұйықтаған.

Қоян


Есек құйрықты, түйе ерінді,
Ит сирақты, бұғы құйрықты.

Қоян


Тауға шықса жүгірген,
Таудан түссе сүрінген.

Қоян


Аппақ қардай тоны бар,
Күдірейген жануар.

Қоян


Жусаннан аласа, бетегеден биік.

Қоян


Жолсыз жүгіреді,
Адамнан күшті,
Тепсе ізсіз,
Құлатса елеусіз.

Қоян


Түйе тістеген,
Итті мінген.
Ешкіні жетектеген,
Есекті басына көтерген.

Қоян


Бап, бап, бап екен,
Басқан ізім екен;
Құйрығында меңі бар,
Меңді қайда қоям екен.

Қоян


Жол үстінде қу қазық,
Мергеншіге жол азық.

Қоян


Әңгелейді, дөңгелейді,
Ұшқан құстай,
Құс десем, төрт аяғы бар,
Елек-селек, екі құлағы бар.

Қоян


Жылқыны қарнына қыстырып,
Түйені ерніне қыстырып,
Есекті құлағына қыстырып,
Қасқырды ат қып мініп,
Айт дегенде жүре берген.

Қоян


Белестегі бес бие,
Бақылдайды, құрылдайды;
Құйрықтары қара ала,
Қанаттары сары ала.

Ұлар


Жақпар тастың астында
Қызыл тонды қыз жатыр.

Түлкі


Ыржаяды, күледі,
Басқан ізді біледі.
Таусылмайтын шабысы,
Жұртқа мәлім жүрісі.

Түлкі


Мақұлық бар екен даусы зор,
Адамға ұқсап бойында аяқ пен қол,
Мекені тас бұлақтың төңірегінде,
Мынаны тапқан жанның ақылы мол.

Аю


Айтайын мен бір жұмбақ тым тамаша,
Тыңдама жұмбағымды ұнамаса.
Бойы бар бір құлаштан астамырақ,
Басында мүйізі бар оннан аса.

Бұғы


Түсі түйенікі,
Аяқ-басы сиырдікі.
Құйрығы ешкінікі,
Мүйізі ғана өзінікі.

Бұғы


Тауда жүрген құмайды,
Көрген адам сынайды.
Жыл айналып толғанда,
Он екі бұтақ болғанда,
Балта тимей құлайды.

Бұғы,жыл толғанда мүйізі түсуі


Бар екен бір айуан көпке таныс,
Мекені жүрер оның тау мен қамыс.
Бұл өзі ойласа көп, шапшаң, епті,
Жүректі бір айуанға қойса бетті.
Қайтпайды жара алмаса не өледі,
Өлмесе тынбайды ол алмай көкті.

Жолбарыс

Жұмбақ бөлімдері мен түрлері

Жұмбақ жауабымен: балаларға, логикалық, қызықты және тақырыптық бөлімдер.