Егіс пен өсімдіктер өлкесі туралы жұмбақтар – 3-бет


Жерде жатып желіндейді,
Күз түскенше желінбейді.

Қауын


Сырты жасыл қатты,
Іші қызыл тәтті.

Қарбыз


Бұл не деген көп киім,
Жетпіс қабат көп киім.
Жаңбыр одан өтпейді,
Қабат-қабат тоны бар,
Түймелеуге жетпейді.

Орамжапырақ


Қалың киім ұнатады
Шешіндірсең жылатады.

Жуа


Бұтаға ілген үлпершек,
Іші нәрлі қызыл сөл,
Теріп алып үлгерсек.

Бүлдірген


Тұлымы бар төбесінде,
Күлтеленіп шумақталған,
Құлағы бар денесінде,
Сұңғақ бойы бунақталған.

Қамыс


Көлді жердің,
Үкілі аруы.
Өткір желдің,
Саз тартар қаруы.

Қамыс


Саздауыт жерде өседі.
Хош иісі аңқыған,
Шипа өсімдік деседі.

Жалбыз


Аумайды бір қылыштан,
Пұліш түсі жап-жасыл.
Соғылғандай мырыштан,
Өтпейтұғын жап-жасыл.

Қияқ


Өзіне шап шақ,
Киген қалпағы аппақ,
Балалар тұр қаптап.

Бақбақ


Тасты жапқан түк кілем,
Тамыры жоқ, мүк кілең.

Қына


Тасты тесіп, күресіп,
Терең жайып тамырын.
Ақ күлгін шөп тұр өсіп,
Қарсы ап дәйім таң нұрын.

Тау гүлі


Шөлде
Гүлдейді, құлпырады,
Суда
Өмірі қырқылады.

Сексеуіл


Әсем гүлді өсімдік,
Жыл бойы тұрады.
Жапырағы көгеріп,
Салтанат та құрады,
Гүлшоқ болып өріліп.

Лавр


Жазғы киімі жасыл,
Қысқы киімі ақшыл.

Қар жамылған ағаш


Жасыл болып жыпырлап өнеді,
Сары болып үзіліп семеді.

Жапырақтар


Қысы-жазы шешпейтін,
Көйлегі бар жасылдан.
Өзгертпейді еш кейпін,
Жаралғандай асылдан.

Шырша


Ағаштардың көркемі,
Мәңгі жасыл бұтағы.
Мекен ғып тау-өлкені,
Кәусар ауа жұтады.

Шырша


Дауылға нық күші,
Ағаштың мықтысы.

Емен


Күн нұрымен піседі,
Уылжып қолға түседі.

Жеміс


Үйі де жоқ,
Күйі де жоқ.
Бірақ
Жауыннан да,
Дауылдан да,
Қымсынбайды.
Ыстыққа да,
Суыққа да,
Шын шыдайды.
Шешуін айта ғой,
Балалар білсін жайды.

Өсімдіктер


Сырнайынан төгіп жыр,
Күнге сәлем беріп тұр.

Күнбағыс


Күнді аңдып шалқалап,
Гүлмен жапқан қалқалап,
Бақшада өскен теректің,
Дәндерінен май тамар,
Шағып жеген нәр табар.

Күнбағыс


Көрсең өскен желісін,
Жапырағы қазтабан.
Мөлдір қара жемісін,
Қыста емес, жаз табам.

Қарақат


Түбі толған құмалақ.

Картоп


Доптар жатыр желісі бар,
Қабат-қабат терісі бар.

Орамжапырақ


Тігіп алып көк шатыр,
Қызылкүрең доп жатыр.

Қызылша


Іші аумаған жүгері,
Түрі-түсі алмадай,
Ойымның жоқ бүгері,
Жесең бал деп қалмағай.

Анар


Қызыл күрең түрі бар,
Тебіндеген бүрі бар.
Піскен кезде қаулайды,
Алтыннан бір аумайды,
Бал татыған нәрі бар,
Онда емнің бәрі бар.

Шабдалы


Суық ұрса бүрлейді,
Көктем шыға гүлдейді.
Күнге басын иеді,
Мол шуақты сүйеді.
Күте білсең бабымен,
Өнім берер қабымен,
Қызыл, сары түйіні,
Витаминдер жиыны.

Алша


Тіл үйірген дәмі бар,
Сары алтын түс — сәні бар.
Шақсаң егер кептіріп,
Сүйегінің дәні бар,
Баққа тұрар сән беріп,
Алқа етіп тізіп ал.

Өрік


Желілері жайылып,
Жол-жол болып жатады.
Күн нұрына бой ұрып,
Жердің нәрін татады,
Жасыл шатыр астында,
Кететіндей үзіліп,
Тұр көп маржан тасындай,
Мойыл моншақ тізіліп.

Жүзім


Табаны суды сүйеді,
Қабағы күнге күйеді.

Күріш


Біреуін бердім,
Онын тердім.

Тұқым


Тегіс жер кесілді,
Арқандай есілді.

Жыртылған жер


Мұз астында қыстайды,
Жасыл тонын тыстайды.

Гүл шешек


Бір кезде қыз келіншек болған мырза,
Өзінің көркемдігіне болып ырза.
Бір аздан соң түрін көрсең,
Қалады бөлек-бөлек болып сайда.

Өсімдіктің өсуі мен қурауы


Аяғынан қаз тұрған,
Қалпағы бар антұрған.

Саңырауқұлақ


Сырты бүтін,
Іші түтін.

Саңырауқұлақ


Айтайын мен бір жұмбақ қыл тамаша,
Тыңдама жұмбағымды ұнамаса.
Ішінде сүйектері бақша-бақша,
Басында бар шағасы оннан аса.

Кеурек

Жұмбақ бөлімдері мен түрлері

Жұмбақ жауабымен: балаларға, логикалық, қызықты және тақырыптық бөлімдер.