Айнала қорған салдым,
Ішіне жеті бөлме үй салдым.
Жеті үйдің ішіне бір әйнек,
Бір шырақ қойдым.
Қолымнан жиырма төрт үйрек ұшты,
Барды да отыз көлдің суын ішті.
Көрді де сол үйректі он екі арқар,
Үш жүз алпыс қозыға болды ішті.
Төрт аққу, қырық сегіз қоңыр үйрек,
Жиналды ойын құмар қалмас сиреп.
Майданда белдескенде кезек-кезек,
Тастайды бірін-бірі ұн қып илеп.
Ойыны қанғаннан соң бәрін жиып,
Зынданға сап тастайды өзін түйреп.
Үш жүз алпыс шытыра,
Қырық сегіз батыр,
Екі аққу, он екі бұлбұл.
Ей, құрғыр, есермісің, есермісің,
Бұралып тал шыбықтай өсермісің.
Айналып үш жүз алпыс түлкі жұмбақ,
Байлауын жұмбағымның шешермісің.
Бір жансыз жолбарыс бар екі тілді,
Байланған шынжырымен мәкемені.
Он екі көз, алпыс өлшемі бар,
Жүгірер дамыл таппай күндіз-түні.
Бір көл бар он екі қаз жайлаған,
Ішінде екі тырна айқайлаған.
Тырнаның біреуі - би, біреуі - хан,
Ішінде жалғыз үйрек той тойлаған.
Бір жансыз жолбарыс бар екі тілді,
Байлаған екі шынжыр мықтап мұны,
Жүрісі бір шақта әм тұрысы,
Дауыстап уақытымен шығады үні.
Айтылар шаян, отыз пар шегірткесі,
Шырылдап дамыл таппай күні-түні.
Екі тілді балғалы,
Арқаны бар мойнында.
Арқандамай бос қойсаң,
Жүрмей қалу ойында.
Сұрасаң онан сөйлесіп,
Сөйлеп жауап бермейді,
Қарасаң бетіне тесіле,
Тіліменен сермейді.
Дөңгелек аяғымен жер баспайды,
Жерінен уағдалы адаспайды.
Білімді қанша адам болса-дағы,
Бір адам біліміне таласпайды.
Жаңылмайды есептен,
Аяғы жоқ жүреді.
Сөйлейтұғын тілі жоқ,
Уақытыңды біледі.
Күндіз-түні жүргенмен,
Қызымайды жүрегі,
Су ішіп, жем жемейді,
Сықырлайды жүрегі.
Жүруден бір талмайтын,
Күн мен түннен қалмайтын.
Сырт-сырт етіп соғады,
Кеудесінде жүрегі,
Өзі тілсіз сөйлейді,
Өзі жансыз жүреді.
Денесі бар, сөзі жоқ,
Аяғы жоқ жүреді.
Күнді, түнді өлшейді,
Екі тілді жүрегі
Шешуін кім біледі?
Қозғалады орнынан,
Бірақ рет күнінде.
Ел ұйықтаса ол ояу -
Тыныштық жоқ үнінде.
Бір нәрсе күні бойы санап тұрады,
Оған жұрттың бәрі қарап тұрады.
Болаттан салған жүрегі,
Сырт-сырт соғып жүреді.
Үйде арқандаулы тұрады,
Тыста кісендеулі жүреді,
Күнді метрсіз өлшейді,
Сөзсіз түсіндіреді.
Сырт-сырт сыртылдайды,
Тілі екеу, сөзсіз үн шығады.
Кейде екеу бір жерде,
Қосылып бірге дем алады.
Сырт-сырт соғады,
Уақыт озады.
Тағы бар өнер біткен асыл шөлмек,
Бір толып, бір басылып, қайтып келмек.
Күні-түн жиырма төрт жұмыртқасы,
Қанаты ақтан сары бір көбелек.
- Оразбай Сарыбаев
- Оразбай Сарыбаев
- Оразбай Сарыбаев
- Оразбай Сарыбаев
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі