Жануарлар мен құстар туралы жұмбақтар – 2-бет


Күші адал болса да,
Өзі арам есепті,
Сүйкімі жоқ оншама,
Төлін не дер есектің?

Қодық


Қомдай қағып қанатын,
Торғай болып ұшатын,
Қайсың барсың табатын
Ең кішкентай құс атын?

Колибри


Түрі-түсі ақ мамықтан аумаған,
Туа сала мұз үстінде «аунаған»,
Ақ үрпектің атауын
Кім айтады дәл маған?

Ақкүшік – Итбалықтың баласы


Құдай шебер ме,
Құрқылтай шебер ме?

Ұя


Екі рет туады,
Бір рет өледі.

Құс


Бір керуен аттанады Шам шәріне,
Алыс жол алты айлық хан шәріне.
Қош айтып, қоғалы көл, қом суларға,
Созады ащы даусын таң сәріде.

Жыл құсы


Қамысы қара көлдің бунақ-бунақ,
Жел есер қара көлден тулап-тулап.
Мысырға ұзатылған апаларың
Төркіндеп келе жатыр улап-шулап.

Туған жеріне қайтқан жыл құсы


Судан шықпас,
Су жұқпас.

Қаз бен үйрек


Шелектеп құйсаң да, су жұқпас.

Үйрек


Күні-түні тіл қатпай,
Қол шалғыны өкшелеп.
Шапқан шөпті құрғатпай,
Жинайды ол дестелеп.

Тырна


Сөйлесе, сөзді,
Айтса, ауызды,
Тынысы басқа,
Маңдайы қасқа.

Тоты құс


Таңертең тұр-тұрлайды,
Кешке жат деп жыр жырлайды.

Қораз


Кішкене ғана бойы бар,
Тамақта ғана ойы бар.
Тіршілік құрып жүреді
Шамасы аз жануар.

Сұңқар


Буда-буда, буда жүн,
Будаланған шуда жүн.
Сыпырып қойған сұр таспа,
Қоңыр шұнақ құнажын.

Тышқан


Жау келсе, қатты сасады,
Құйрығын тастай қашады.

Кесіртке


Шел басқан шыбық,
Кетті құмға сіңіп.

Жылан


Аттап болмас алтын қазық,
Ұстап болмас темір қазық.

Жылан


Инесі көп,
Тігуге икемі жоқ.

Кірпі


Тәнсіз, жансыз кім,
Қайда тұрады?

Судағы балық


Тауға шықса, жүгірген,
Таудан түссе, сүрінген.

Қоян


Ыржияды, күледі,
Басқан ізді біледі.
Таусылмайтын шабысы,
Жұртқа мәлім жүрісі.

Түлкі


Биік ала бағана,
Жайылып жүр далада.

Керік


Пысқыратын не?
Ысқыратын не?

Құлан, жылан


Есек те емес,
Жылқы да емес.
Екеуінің ұқсастығы
Береді тұрқы елес.

Құлан


Кілемнің түрлеріндей жүндері бар,
Айбатты жан шыдамас үндері бар.
Шаршы бой, сұлу құйрық, қысқа құлақ,
Кететін зиян қылып бір жер бар.

Жолбарыс


Әртүрлі, орта бойлы, ұзын құлақ,
Өзіне міндеттесе, қызмет қылмақ.
Бүріскен жарық емес біткен тұяқ.

Есек


Көзі бар, қанаты бар балық дене,
Сияқты зор тұлғалы алып кеме.

Кит


Бір мақұлық бар екен төрт аяқты,
Тағыпты арқасына мың таяқты.
Ашуланса, аяқ-қолын көрсетпейді,
Көресің көзің салсаң ғажайыпты.

Кірпі


Дене мен аяқ-қол жоқ, құйрық пен бас,
Бұрыннан жан-жәндікке ойлаған қас.
Бес-алты ай демалыста күн көреді,
Оншалық керек етіп жемейді ас.

Жылан


Бiреуге найза түйрейдi,
Содан-ақ өзi күйрейдi.

Маса, сона


Буда, буда, буда жүн,
Будаланған шуда жүн.
Сыдырып қойған сұр таспа,
Қоңыр шолақ құнажын.

Тышқан


Жел-жел бием, жел бием,
Желiндесе кiм бiлер?
Жау жапырақ түбiнде
Құлындаса кiм бiлер.

Балық


Сап-сары болған түрі бар,
Шақылдаған үні бар,
Жер астында тынығар.

Саршұнақ


Көзін жұмады,
Көзін ашады.
Сыбысын білдірмей,
Ақырын басады.

Мысық


Төрт аяқты шалғы
Орып кетер малды.

Қасқыр


Келеді бір перизат итке мінген,
Таяғын итке мініп итпелеген,
Артында ағараңдар ешкісі бар,
Ешкісін итке мініп жетелеген.

Қоян


Бұлаңдаған құйрығы –
Бір алдарлық қулығы.

Түлкі


Қорықпайды күшті аңнан,
Қорқады тек тышқаннан.

Піл


Топырақ желді мініп, желді айдайды,
Болғанда түске жақын көлге айдайды.
Тамшыны жерден тамған керек қылып,
Топырақ өз-өзінен айқайлайды.

Жер – жылқы, тамшы – қымыз


Басында таяғы бар,
Төрт аяғы бар.
Сегіз тұяғы бар,
Иегінде сақалы бар.

Серке

Жұмбақ бөлімдері мен түрлері

Жұмбақ жауабымен: балаларға, логикалық, қызықты және тақырыптық бөлімдер.