Жануарлар мен құстар туралы жұмбақтар – 7-бет


Төрт түп тұт мәуітімен кесіледі,
Үстіне мінген адам есіреді.
Құрдасым, тапқын мұны ойлы көзбен,
Ойласаң тереңірек шешіледі.

Ат


Қоян жақты, тақыр жонды,
Төрт тұяқ, екі аяқты, екі қолды.
Салпы ерін, өзі жүйрік,
Кең омырау, жуан құйрық.

Ат


Түбірлі төртеу,
Түймемен бесеу,
Ерубай екеу,
Мамық жалғыз.

Жылқы


Екі төлдің атынан
Бір төлдің аты шығады.

Тайлақ


Мамам маң басып барады,
Күлшесі қалып барады.

Түйенің ізі


Төрт лаулау,
Екі дің-дің,
Бір шібжің.

Түйенің аяғы, екі өркеші, құйыршығы


Шашылды маржан,
Бағасы арзан.

Құмалақ


Бір тауығым бар,
Жұмыртқасы көп,
Көп те болса жарылмайды.

Түйенің құмалағы


Жоғарыдан көп тас домалайды,
Кезектесіп бірін-бірі қуалайды.

Түйенің құмалағы


Таудан тас домалайды,
Тас бұршақтай сабалайды.

Түйенің құмалағы


Төсек астында төрт күлше.

Түйенің төрт табаны


Төрт кісі төсек сал дейді,
Екі кісі қарауыл қарайды,
Үлкен әйел есік аш дейді,
Кіші әйел төмпештейді.

Түйе, төрт аяғы, екі өркеші, түйенің құмалақ тастағаны


Дүбір-дүбір төртеу,
Есенгелді екеу.
Жағалбайлы жалғыз,
Оның таңы қарбыз.

Түйенің аяғы, екі құлағы, құйыршығы


Екі кісі қарауыл қарайды,
Бір кісі шөпшек тереді.

Түйенің өркеші, ерні


Екеуі қарауыл қарап тұр
Төртеуі ұйықтап жатыр,
Біреуі қамыр басып тұр.

Түйе


Екі ауылдың баласы еңбектеп келеді,
Төрт ауылдың баласы төбелесіп келеді,
Бір ауылдың баласы шөпшек теріп келеді.

Жайылымнан қайтқан түйенің өркеші, аяғы, ауызы


Бір тақыт бар дүниеде әркім білер,
Ол тақыт қымбат емес, әркім мінер.
Мінерінде төмендеп келеді екен,
Мінгеннен соң жоғары көтерілер.

Түйе, оған мінген адам


Дүниеде ақас бар бек жайлаған,
Жанына адам барса ойбайлаған.
Ақастың адам білер мінезі бар,
Мінгесіп екі бала той тойлаған.

Түйе және оның өркеші


Ұзын-ұзын ұлпаны,
Ішіндегі жұлпаны.

Түйе, бота


Үш тың-тың,
Екі жылтың,
Төрт тап-тап,
Қап-қара сатпақ,
Бір былғаныш.

Түйе


Даусы қоңыр, үні мұң,
Тесіп қойған мұрынын.

Түйе


Кезікті бір жануар,
Үстінде екі тауы бар.
Мойны ұзын, көзі үлкен,
Бұл не,өзің тауып ал?

Түйе


Маң-маң басқан, маң басқан,
Шудаларын шаң басқан.
Екі өркешін қом басқан,
Алабота, теріскен,
Мұрындығы келіскен,
``Шөк!``- дегенде, ``бық!`` -деген,
Шешіп үйін жүктеген,
Бұл не деген жануар?

Түйе


Маң-маң басып келеді,
Тапырақтап желеді.
Мойны ұзын, үсті тау,
Ертеден елге бел еді.

Түйе


Таптым-таптым, тап жорға,
Табаны жалпақ боз жорға.

Түйе


Болғанда қоян ерін, шыққан құлақ,
Тұлыбы шоқайғандай жатыр сұлап.
Жүруге қызметкер дайындалса,
Жалшыдай күні біткен кетер жылап.

Түйе


Бір байдың енші алыпты бір баласы,
Алғаны алпыс тоғыз ірі қарасы.
Төрт жерден түлікке желі қағып,
Үш жерден орнатылған мұнарасы.

Түйе, алпыс тоғыз-күйісі, төрт желі-аяқтары, үш мұнара екі өркеші, басы


Айнымай тартқан реңіне,
Жүрген жерінің тұр-өңіне, не?

Кесіртке


Көтере алмай ішкен суын,
Күшеніп жатыр,
Жаңғыртып қамыс нуын.

Әупілдек


Қара түсті қарқылдақ,
Ұшып-қонып жалпылдап.
Қоқыстарды шоқиды,
Жем іздейді там-тұмдап.

Қарға


Бір-ақ сөз біледі,
Өз аты онысы.
Соны айтып жүреді,
Және жоқ қонысы.

Көкек


Секектеп бір тұрмайды,
Өреден құрт ұрлайды.

Сауысқан


Ала шапан кигені,
Сескенгіш болған соң,
Қыпылықтап жүргені.

Сауысқан


Қауырсыны көгілдір,
Кішкене құс,
Беткейде өріп жүр.

Кекілік


Бояуы сан түрлі,
Түрі ұқсас тауыққа.

Бұлдырық


Тұрқы кептерден кіші,
Сарғыш мамық төсі.
Айдары желкесінде,
Өрнегі өр төсінде.
Бұл қандай құс?

Күжіргей


Сазды жер мекені,
Құрт-құмырсқа қорегі.
Кереметтей өнері,
Қанаттан үн береді.

Тауқұдірет


Өзі ұя салмайды,
Мекендейді шатырды.
Бау-бақшаны барлайды,
Зиянкеске батыл-ды.

Жарқанат


Күндіз сөнген шырағы,
Түнде көрер қырағы.
Тікірейіп айдары,
Егін жауын қырады.

Үкі


Шұнтиып қос ұлағы,
Түнде көрер қырағы.

Үкі

Жұмбақ бөлімдері мен түрлері

Жұмбақ жауабымен: балаларға, логикалық, қызықты және тақырыптық бөлімдер.