Оқу жабдықтары, оқу құралдары, білім жұмбақтары – 5-бет


Бір басты, екі тілді бір мақұлық,
Жүреді айдалада ырғатылып,
Менсініп ешбір жанмен тілдеспейді,
Өзінің сөйлеспесе досты барып.
Жиһанда қанша ділмар болсаң-дағы
Тұрасың сөйлесе алмай болып ғарып,
Онымен тілдесе алсаң сөз шығарып,
Кісіге пайдасы көп, залалы жоқ,
Дос болсаң бар мұқтажың бітер анық.

Қалам


Теңіздей түбі терең,
Сүңгіген жетер әрең.

Білім


Ауыр-ақ,бірақ түсер салмағы жоқ,
Артқанның арып кейін қалғаны жоқ.
Арқалап бірін қоймай көтергеннің
Аяғы ешуақытта талғаны жоқ.

Білім


Сай бойында сары алтын.

Білім


Дүниеде бір дария беті қайтқан,
Бетінде бетегесі шығып жатқан.
Қараса сол құдыққа көз жетпейді,
Құр қалмас сол құдықтың дәмін татқан.

Оқу, білім


Ұзын-ұзын,ұзын жол,
Ұшына жеткен бар ма екен?
Түбі терең қара су,
Түбіне жеткен бар ма екен?
Түбіне жетіп бұл судың
Қанып ішкен бар ма екен?

Оқу


Жапанда бір нәрсе бар аузы жабық,
Ашылар мезгілінде баурын жазып.
Ішінде толып жатқан қазынасы бар,
Қорек қып пайданалар тамам халық.

Кітап, оқу


Бір қобди дүние жүзін бағалаған,
Әсемдеп, талай адам қамалаған.
Қобдидың ашылмайтын кілті өзінде,
Ашылса табылар еді не қалаған.

Білім, кітап


Адамсыз кетеді,
Айтса тарих тұрады,
Тағдырда жазған.

Кітап


Өзі саңырау,
һәм айтады,
һәм үйретеді.

Кітап


Бір қойым бар қаны жоқ,
Қанатының жаны жоқ.
Адамменен сөйлесер,
Ақылы бар, жаны жоқ.

Кітап


Көлемі шағын, көп қыры
Қолдан қолға өтеді,
Өмірдің талай мол сыны
Ішіне сиып кетеді.

Кітап


Қойған жерінде жатады,
Қолыңа алсаң, өзіңе тіл қатады.

Кітап


Жүзі бар сәнді сұлу ондап, мыңдап,
Сыры бар неше алуан тұрсаң тыңдап.
Жүрмейтін жері де жоқ әлемде оның
Қадірі мейлінше зор, ол неткен зат?
Ізінен іздегендер жол табады,
Олжаны аздап емес мол табады.

Кітап


Ұзын-ұзын ұсқауын,
Ұзынына кім жетер?
Шұбар ала күйкентай,
Шұбарына кім жетер?

Кітап


Сандығым бар өзгеше,
Қолыма алып жүремін.
Ішін ашып ақтарып,
Өмір сырын білемін.

Кітап


Бір су бар Шыршық деген қалқып аққан,
Бетінде бетегесі шығып жатқан.
Қарайсың міне соған тамашалап,
Сол судың кете алмайды дәмін татқан.

Кітап


Бір нәрсе білмегенді білгізеді,
Өзіңді тұрсаң қарап күлгізеді,
Жалғанда әңгімесі сондай қызық,
Жаныңды тыңдай берсең кіргізеді.

Кітап


Жаны жоқ болса да,
Ақылды адам ісін істейді.

Кітап


Тазалап ақ қағаз жүзiн,
Жоқ етер қарындаш iзiн.

Өшіргіш


Тілі жоқ сөйлейді,
Өзі мәңгі өлмейді.

Кітап


Сиқырлы таяқ -
Ойдың өрнегі,
Зырласа саяқ,
Көп-аң көргені.
Тұмсығын тіреп,
Шарлайды жазықты.
Сөздерді күреп,
Өзі әбден азыпты.
Түк қалмай жүдеп,
Тауысады азықты.

Автоқалам


Аппақ, аппақ ақ таңдай,
Жарқырап айдын жапқандай.
Алыстан келген тырналар
Тізіліп қонып жатңандай.

Ақ қағаз, жазу


Алуан түрлі із салғанның өзі еді,
Өзінен де пайдалысы өзегі.

Қарындаш


Қала кетті домалап,
Обал-ақ.
Дала кетті домалап,
Обал-ақ.
Көл де кетті,
Шөл де кетті домалап,
Обал-ақ.
Тау да кетті
Бау да кетті домалап,
Обал-ақ.
Не туралы айтып тұрмын,
Тауып көрші жобалап.

Глобус


Оқушыға мақтанды
Бір серігі аз ғана:
«Күнде кешем ақ қарды,
Қыс түгілі жазда да».

Қалам


Тұрады ылғи сөреде,
Іші толы өнеге.

Кітап


Емес ол кітап та, дәптер де,
Жүреді бірақ та портфельде.
Көрсетіп ондағы бағаңды,
Қуантып қоясың ағаңды.

Күнделік



Тау, қыр, жазық, өзен, көл –
Қабырғада биік тұр.
Нансаң, кел, өзің көр –
Бір қағазға сыйып тұр.

Карта



Қабат-қабат қаттама,
Ақылың болса, аттама.

Кітап


Тілі бар, үні жоқ,
Өзін адам түсінген.
Жүрегі бар да, қаны жоқ,
Сөйлеп тұрған ішінен.

Кітап


Қобдиында қайырлы,
Қазынаның бәрі бар.
Тауыссаң көз майыңды,
Қалағаның табылар.

Кітап


Темір аяқты,
Ағаш таяқты.

Циркуль мен қарындаш

Жұмбақ бөлімдері мен түрлері

Жұмбақ жауабымен: балаларға, логикалық, қызықты және тақырыптық бөлімдер.