Жұмбақтар жауабымен – 15-бет


Жылжымалы жақ,
Бұлжымалы жақ.
Оңға бұрап бақ,
Солға бұрап бақ —
Үлкенге де шақ,
Кішіге де шақ.

Универсал кілт


Иығына ал шығып,
Тұмсығынан шаншылып,
Күндіз қазып, түн қазып,
Берсін талай ін қазып.

Бұрғы


Жеген асы шығады желкесінен.

Сүргі


Төбесінде өмір бақи төбелес,
Төзіміне оның ешкім тең емес.

Темір төс


Екі езуі құлағына жетеді.
Тамақ жесе ызың-ызың етеді.

Ара


Жалпақ желке, сопақ бетті
Орманымды отап кетті.

Балта


Сыңар құлақ батыр
Шылым тістеп жатыр.

Іскенже


Ағаш арық, тұйық арық:
Жылқылар жүр жиі барып.

Науа


Жылға дер ем — ақпайды,
Жылан дер ем — шақпайды.

Арқан


Көліксіз өмір сүрмейді,
Ғұмыры жаяу жүрмейді.

Ер-тоқым


Сүңгіп жүр, жүзіп жүр:
Судан дәм сүзіп жүр.

Кепсер


Түгел айтсақ не барын:
Төрт құлақ та бір қарын.

Қазан


Бес қаруы бойында.

Универсал бәкі


Шам, плита жұмысын жасай қалды,
Ал оның есептен-ақ басы айналды.

Электросчетчик


Мұз жарғыш жүзіп келеді,
Бауыры қызып келеді.
Абайла, оқып түсер,
Ондайлар бұзық келеді.

Үтік


Кереңқұлақ өсіп тұр үстелімде.

Жұмыс шамы


Қайнаған шілде де оған суық,
Ыссыға төзбегенді тығам қуып.

Тоңазытқыш


Құйрығы інге кірсе,
Беті өртенген.
Шегіне шегі тисе,
Қатер төнген.

Электроплитка


Апам үшін қам жеген:
Тозаң жұтып, шаң жеген.
Жатыр үйде айдаһар,
Ондай мешкей қайда бар?

Шаңсорғыш


Алдына бір нәрсе әкеп берсе, тегі,
Оңын сол, солын оң ғып көрсетеді.

Айна


Жүріп кетсе жүйрік бір
Лып-лып етіп ойнаған.
Кереметі:
Құйрық бір
Құтаймай-ақ қойды оған.

Ине


Дос үйіне түстің бе?—
Түгел соның үстінде.

Дастарқан


Арықтың ең терең жері белге дейін келетін. Ал аяқ тобыққа дейін балшыққа бататын. Қатты жауын жауған соң су деңгейі көтереліп, әлгі ең терең жердің суы мойынға дейін келетін болды. Бірақ аяқтар балшыққа батпайтын болды. Аяқтар неліктен балшыққа батпай қалды?

Су көтерілгенде судың денені көтеру күші көбейеді. Сондықтан денені балшыққа батыратын қысым азаяды.


Темір ұстасына әр қайсысы үш алқадан тұратын бес шынжыр беріледі. Бұларды бір тұтас қылып біріктіруін айтады. Темірші төрт алқаны ашу арқылы бес бөлікті біріктіруді ұйғарады. Қалай ойлайсыздар одан да аз алқаны ашу арқылы бір тұтас қылып біріктіруге бола ма?

Бір шынжырдағы үш алқаны шешу арқылы қалған төр шындырды біріктіруге болады.


Ұлымен серуендеп келе жатқан кісіге көптен көрмеген танысы кезігеді. Әңгіме барысында танысы қанша бала-шағаң бар деп сұрайды. Әлгі кісі мына ұлымның әпкелері мен ағаларының саны бір-біріне тең. Ал ең үлкен қызымның сіңлілерінің саны інілерінің санынан екі есе аз деп жауап береді. Сонда қанша ұл қанша қызы бар?

4 ұл және 3 қызы бар.


12 қабатты үйде лифт бар. Үйдің 1 қабатында 2 адам, 2 қабатта 4 адам тұрады. Жоғарылаған сайын адам саны осылай екі есе арта береді. Сұрақ қай қабаттағы лифттің шақырғыш түймешесі ең көп басылады?

Бірінші қабаттың түймешесі көп басылады. Өйткені барлық тұрғындар үйіне көтерілу үшін бірінші қабаттағы түймені басады.


Мұрат мектепке жаяу барады. Жолдың төрттен біріне келгенінде мешіттің жанынан, үште біріне келгенінде балабақшаның жанынан өтеді. Мешіттің жанына келгенде сағат 7.30, ал балабақшаға келгенде 7.35 болады. Әли үйден сағат нешеде шығады және мектепке нешеде барады?

Мешіт пен балабақша арасы, жолдың 1:3 – 1:4 = 1/12-і. Мұрат бұл ара-қашықтықты 5 минутта жүріп өткеніне қарағанда, жолдың толығын 12х5=60 минутта жүреді. Демек үйден 7:15-те шығып, мектепке 8:15-те барады.


Көл бетіндегі өсімдік
Көлдің бетінде кең жапырақ жаятын ғажайып өсімдік пайда болды. Бұл өсімдік күнде екіге бөлінеді де сол екі бөлік бұрынғы қалпынша қайта үлкейе түседі. Осылайша көбейе келе 30 күнде көлдің бетін толық жауып қаптап алды. Егер бастапқыда осындай өсімдіктен 2 дана болғанда көлдің бетін толығымен қанша күнде қаптар еді?

29 күнде.


Әке мен бала
Әкесі мен баласының жастарының қосындысы 66. Әке мен баланың жасының сандары бірдей сандардан тұрады, бірақ керісінше, яғни қарама қарсы орналасқан. Сұрақ әке мен баласының жастары қаншада?

Үш түрлі жауабы бар. 60 + 06, 42 + 24 және 51+15.


Мысық пен тышқан
Тышқан қабырғадағы тесіктен 20 қадам ұзақта. Мысық тышқаннан 5 аттам ұзақтықта. Мысық бір аттағанда тышқан 3 қадам баса алады. Мысықтың бір аттағаны тышқанның 10 қадамымен бірдей. Мысық тышқанды ұстай ала ма?

Ұстай алмайды. Мысық 5 рет аттағанда тышқан 15 қадам өткен болады. Мысық 6 рет аттағанда тышқан 18 қадам басады. Тышқан тағы да 2 қадам басумен тесікке кіреді. Ал мысық әлі соңғы аттамының тек 2/3-ін ғана өткен болады.


Зеректік жұмбағы...
1, 10, 3, 9, 5, 8, 7, 7, 9, 6, ?. Мына сандар бір реттілік бойына жазылған. Сұрақ белгінің орнына қандай сан келуі тиіс?

11


Аяғы бар жүрмейді,
Аузы жоқ сөйлейді.

Бағдаршам


Жай көзге көрінбейді
Қозғалуға ерінбейді.

Молекула


Пырылдап көкте инелік,
Инелік емес үй делік.

Тікұшақ


Күн күледі,
Жер түледі.
Бұл қай мезгіл?

Көктем


Мейізде бар,
Өрікте жоқ.
Киізде бар,
Сырмақта жоқ.

З әрпі


Терісі бар, жүні жоқ,
Жүрісі бар, ізі жоқ.
Қанаты бар ұшпайды,
Су астында қыстайды.

Балық


Халықта бар,
Елде жоқ.
Халатта бар,
Көйлекте жоқ.

Х әрпі


Шаңда бар,
Желде жоқ.
Тозаңда бар,
Құйында жоқ.

Ң әрпі


Дәмі де жоқ, түсі жоқ
Пайдаланбас кісі жоқ.

Су

Жұмбақ бөлімдері мен түрлері

Жұмбақ жауабымен: балаларға, логикалық, қызықты және тақырыптық бөлімдер.