Жұмбақтар жауабымен – 50-бет


Дүниеде бар екен жалғыз көзді,
Киімін үйіп тастап, күдер үзді.

Ине


Дүниеде бір жебір құрт бар,
Артында бір жібі бар.

Ине


Мұрнында байлауы бар,
Адамның айдауы бар.

Ине


Жылмаң-жылмаң етеді,
Жылмаңдатып сайдан өтеді,
Із-міз тастап өтеді.

Ине


Кірш-кірш етеді,
Ішіне кіріп кетеді.

Ине


Жылт-жылт етеді,
Жүгіріп өтеді.

Ине


Байлап едік тайлақты,
Мұрнынан арқан өткізіп,
Байласам да тұрмайды,
Шыр айналып жүгіріп.

Ине


Кішкене темір,
Шидеректің о жағынан,
Бұ жағынан өтеді.

Ине


Бір кішкене білауыз,
Ол білауыз шығып болса,
Жұрттың бәрі жалауыз.

Ине


Жылт-жылт еткен,
Жылғадан өткен.
Балдырған безген,
Кентті кезген.

Ине


Тап-тап, тап жорға,
Табаны үшкір көк жорға,
Желіп кетсе жеткізбес,
Жерге түссе табылмас.

Ине


Сүйегі бар, еті жоқ,
Көзі бар, беті жоқ.

Ине


Бар екен дүниеде жалғыз көзді,
Сол көзбен дүниенің бәрін кезді.
Әлемді он сегіз мың киіндіріп,
Дүниеден жап-жалаңаш өзі безді.

Ине


Іші қуыс,
Тысы тас.

Ұршықтың басы


Бөркі бар жақсы басында,
Он кісі бар қасында,
Бұйда тағып жетектеп,
Үйреттім өзім жасында.

Ұршық


Шыр көбелек айналар,
Беліне жіп байланар.

Ұршық


Ақ лағым арық еді,
Құйымшағы сымпиған.
Әжем бір күн бағып еді,
Семіз болды бұлтиған.

Ұршық


Бар екен бір мақұлық жалғыз аяқ,
Аузына тістегені шетен таяқ,
Құдайдың құдіретіне таңғажайып,
Белбеуі беліндегі тоқсан қабат.

Ұршық


Жиһанда бір құс көрдім жалғыз аяқ,
Аузына тістегені қылдан таяқ,
Бір ұрсаң шапалақпен семіреді,
Белбеуі бар белінде сансыз қабат.

Ұршық


Зырлайды күшік әжемнің
Қолынан сүйек кеміріп,
Күн асқан сайын ақ күшік
Барады мүлде семіріп.

Ұршық


Көрінген жол үстінде доғалай бас,
Қолы жоқ, аяғы жоқ бұл қалай бас?
Жағынан шапалақпен сипап ұрсаң,
Атындай жолаушының жорғалай бас.

Ұршық


Көк лағым көген сүйреді.

Ұршық


Мұрның-мұрның, мұрынды,
Мұрның неден жырылды?
Аузы-басын түк басып,
Сені неден жын ұрды?

Ұршық


Жалғыз ғана көзі бар,
Алтыннан белбеуі бар,
Жыңғылдан таяғы бар.

Ұршық


Ақ күшігім жүгіре-жүгіре буаз болды.

Ұршық


Шаршамас кемпір көрдім жалғыз аяқ,
Аузына тістеп алған шиден таяқ,
Жүрген сайын белбеуін қабаттайды,
Беріпті әсемдікті аямай-ақ.

Ұршық


Жалғаған ел ортасын,
Жатыр тосып арқасын.

Көпір


Жол үстінде төсек,
Оны таба алмаған есек.

Көпір


Жол үстінде пөстек,
Оны таппаған естек.

Көпір


Тайпаңдайды бүгіліп құла жорға,
Маңызданып аяғын басар зорға.
Неше күн дамыл алмай жүрсе-дағы,
Иіліп жерден шөпті жемес сонда.

Шана


Табаны жалпақ боз жорға,
Тайпалсын десең, сал жолға.

Шана


Бір жұмбағым бар, асты қар,
Қадамы жоқ, ізі бар,
Мойнында жібі бар.

Шана


Екі таяқ көтердім,
Ортасынан итердім.

Арба айдау


Болғанда екеу аға, төртеу ала,
Жиырма сегіз екен тапқан бала.
Өзімен ол көп жүкті көшіреді,
Қандайлық мықты болған жүзі қара.

Арбаның екі жетегі, төрт дөңгелегі,шабақтары


Елде артын барлайды,
Жүгірсе артын жарлайды,
Ми айналып қалмайды.

Арбаның дөңгелегі


Төрт бала бірін-бірі қуалады.

Арбаның дөңгелегі


Тарақ сияқты ергенек,
Ай сияқты дөңгелек.

Арбаның дөңгелегі


Қадамы жоқ ізінің, аяғының,
Созса ұшы жетпейді таяғының.
Екі қолын айуанға артып алып,
Әніне салады екен баяғының.

Арба


Басы жоқ төрт аяқты жансыз бір зат,
Құлағы жоқ, көзі жоқ бейне ол ат.
Жүк артсаң белі тағы майыспайды,
Құйрық-жалсыз ол неткен меңіреу зат?

Үстел

Жұмбақ бөлімдері мен түрлері

Жұмбақ жауабымен: балаларға, логикалық, қызықты және тақырыптық бөлімдер.