Жұмбақтар жауабымен – 56-бет


Бір нәрсе алды биік, арты аласа,
Доп илер кешке дейін бір тамаша.
Мылтығын атайын деп оңтайланар,
Өзіне айтқан сыйы ұнамаса.

Сасық қоңыз


Қарайып ұшқанменен қарға емес,
Ін қазғанменен түлкі емес.
Арқасындағы боқшасы,
Жинағанмен мүлкі емес.

Қара қоңыз


Әуеде ұшып жүрген аэроплан емес, құс емес,
Арқасына байлағаны ірімшік емес, құрт емес.
Бауырға барып ін қазады,
Қасқыр емес, түлкі емес.

Қоңыз


Ұшқанда өлең айтады,
Қонғанда жер қазады.
Мұны да ойлап көріңіз,
Шешуін кім табады?

Қоңыз


Бір мақұлық бар қазық аяқ,
Қарғып-қарғып түседі тазыдай-ақ.

Шегіртке


Жаз бойы әндеткен,
Күз болған соң сән кеткен.

Шегіртке


Айдар ауызды,
Қоян құлақты.
Бөкен санды,
Қылыш құйрықты.

Шегіртке


Ит басты,
Қошқар мүйізді,
Борсық кеуделі,
Бөкен санды.

Шегіртке


Тайқы маңдайлы,
Сиыр мұрынды,
Балық сыртты,
Жылан бауырлы,
Есек сауырлы.

Шегіртке


Бір ғажап төрт аяқты, құс қанатты,
Көреді күндік жерден адамзатты.
Қолында қылдан нәзік күрзісі бар,
Япырай, тиген жері тастан қатты.

Маса


Аспанда қыран сары кісі алады,
Болғанда кешке жақын ән салады.
Құдайдың құдіретіне қарап тұрсаң,
Түтікпен тақыр жерден су алады.

Маса


Айтамын мен бір жұмбақ сарасынан,
Мекке мен Мәдиненің арасынан.
Тамаша сірә мұндай көрдіңдер ме,
Анасы туады екен баласынан.

Қалып


Бір адам кейпі жаман, жалпақ бетті,
Тауыпты ерге тимей қырық перзентті.
Әр қайсы тоқсан алты бала туып,
Ол өзі жансыз талай мыңға жетті.

Бір, қырық қадақ, тоқсан алты мысқал


Сабы бар екі қарыс, басы қуыс,
Істейді адамзатқа күнде жұмыс.
Бәрінде жан біткеннін бірдей көрер,
Міндетті қызметін етпес бұрыс.

Метр,өлшеуіш


Кішкентай ғана місіре,
Тәмәм елдің жесіре.

Тиын


Жер жүзінде бір қыз бар,
Қырық ерге тиіпті,
Тиіпті де шығыпты
Және тағы қыз екен.

Ақша


Дүние аты мәшһүр болған қымбат,
Ықшамды әдемілік, сонда сымбат.
Мақсатың көңіліндегі табылады,
Адамға ықыласпен қызмет қылмақ.

Ақша


Кішкентай ғана безер,
Жер дүниені кезер.

Күміс ақша


Алты аяғы бар,
Талдан таяғы бар,
Арқасында құйрығы бар,
Иесінен бұйрығы бар.

Безбен


Үш тармақ, басы жұмыр сабағы бар,
Келмейтін дастарханға табағы бар.
Берсеңде қандай нәрсе жеп қояды,
Тоятын қырық асаса тамағы бар.

Безбен


О, құдайдың бұйрығы,
Төбесінде құйрығы.
Алты аяғы,
Екі табаны бар,
Бір таяғы бар.

Таразы


Қам қамал, қамқам қамал, қамқан кемер,
Бұл қамқан тоқсан алты толып семер,
Құмырсқа қисық жолын түзетеді,
Бар ма екен осыдан да басқа себеп.

Таразы


Бір нәрсе екі аяқты, сабағы бар,
Жейтұғын дастархансыз табағы бар.
Жануар не берсең де талғамайды,
Күніне қырық асайтын тамағы бар.

Таразы


Сегіз оннан құралған сексен сегіз,
Арасында төрт-төрттен екі сегіз.
Кейде жиып кетеді,кейде тосып,
Шешесіз ақылға сап тексерсеңіз.

Есепшот


Бір талай құс кеп қонды балағанға,
Болады сексен сегіз санағанда.
Ішінде сексен үйрек, сексен қарға,
Құйрығын жан шыдатпас тарағанда.

Есепшот


Қойыма қора соқтым жермен жексен,
Бұл қойым кейде сегіз, кейде сексен,
Сегізді сексен менен қосып салса,
Болады сексен сегіз бөгелместен.

Есепшот


Бар еді бір жұмбағым сексен сегіз,
Табасың ақылменен ескерсеңіз.
Болғанда бірі-онға, оны-мыңға,
Жауабын кешіктірмей жеткерсеңіз.

Есепшот


Айналасы қорған,
Он жігіт бар торыған.
Есебі көңілден,
Арқаны темірден.

Есепшот


Бітімді төрт бұранда,сегіз сала,
Үстінде ойнақтайды сексен бала.
Еш пенде бұл жұмбақты тапқан емес,
Тауып бер жұмбағымды шапшаң ғана.

Есепшот


Бағылған бір қорада жүздей саулық,
Соғылған қорғаны бар биік тау қып.
Бес қасқыр араласып бастан-аяқ,
Бірін қуып, бірін тартып кетті қайтып.

Есепшот пен саусақ


Бір нәрсе бұл дүниеде жоқ дерегі,
Әр жерде ақылдассаң бар керегі,
Қыстауы, жаз жайлауы он өзенде,
Өзінің сексен сегіз дөңгелегі.

Есепшот


Айнала қарағайдан тұр терегі,
Адамға ақыл қосса бар керегі.
Ол өзі он өзекті жайлап өткен,
Сексен сегіз келеді дөңгелегі.

Есепшот


Бір қалаға қоныпты ұшып келіп,
Топтана сексен сегіз қараша үйрек,
Төртеуден бөлініпті бір сегізі,
Қалғаны кілең оннан-оннан бөлек-бөлек,
Болған соң бес адамның күзетшісі,
Жайылды көк шалғында кейде өрістеп.

Есепшот


Бір нәрсе сондай епті жер баспайды,
Аптығып ақылынан бір саспайды.
Данышпан ақылы көп сондай зерек,
Жаңылып басқа жөнге бір баспайды.

Есепшот


Ол не дүр бір нәрсе бар ойға зерек,
Жүгірер әрлі-берлі дөп-дөңгелек.
Жай нәрсе өз бетімен түк білмейді,
Қосымша адамзаттың зейіні керек.

Есепшот


Бұтаға ілген үлпершек,
Іші нәрлі қызыл сөл,
Теріп алып үлгерсек.

Бүлдірген


Тұлымы бар төбесінде,
Күлтеленіп шумақталған,
Құлағы бар денесінде,
Сұңғақ бойы бунақталған.

Қамыс


Көлді жердің,
Үкілі аруы.
Өткір желдің,
Саз тартар қаруы.

Қамыс


Саздауыт жерде өседі.
Хош иісі аңқыған,
Шипа өсімдік деседі.

Жалбыз


Аумайды бір қылыштан,
Пұліш түсі жап-жасыл.
Соғылғандай мырыштан,
Өтпейтұғын жап-жасыл.

Қияқ

Жұмбақ бөлімдері мен түрлері

Жұмбақ жауабымен: балаларға, логикалық, қызықты және тақырыптық бөлімдер.