Жұмбақтар жауабымен – 80-бет


Жұқа тақтай бөлшегі,
Ұзындықтың өлшемі.

Сызғыш


Бөлінгенді табыстырып,
Біріктірсе қабыстырып.
Жымдастырған жігін де,
Байқамайсың түгін де.

Желім


Денесі бар шыбықтан,
Темір тұмсық құдықтан,
Сусын алып ішеді,
Ойы із боп түседі.

Қаламсап


Күміс алмұрт тілі бар,
Сыңғырлаған үні бар.
Шақыратын білімге,
Сағаты бар, күні бар.

Қоңырау


Сағат сайын қағылады,
Тек мектептен табылады.

Қоңырау


Бар ойыңды жиямын,
Ақ қағазға құямын.

Сия


Тіл жоқ өзінде,
Сөзі бар ізінде.

Қаламсап


Ойларыңды аңсаған,
Асыл сөзді ақ алаңға,
Түсіруден шаршаған,
Мен емеспін әмәнда.

Қалам


Қысқа таяқ діңі бар,
Шиырлаған ізінде,
Сайрап тұрар тілі бар.

Қарындаш


Кішкене құдықтан,
Найза ұшты шыбығым,
Су ішіп құныққан.

Сиясауыт


Білімнің дәнін тереді,
Балаға тәлім береді.

Ұстаз


Шәкіртке жанашыр,
Мейірман кім, жаны асыл?

Ұстаз


Білімнің жол басшысы,
Шәкірттің қолбасшысы.

Мұғалім


Ақыл-ойдың шырағы,
Зәулім көктей шынары.
Биігіне бойлаған,
Қанбайды адам құмары.

Білім


Білімнен мол сый-асы,
Балғындардың ұясы.

Мектеп


Сенде бар, менде бар,
Адамда жоқ,
Жанда бар, ханда бар,
Ғаламда жоқ,
Тиде бар, сыйда бар,
Харамда жоқ,
Шамға бардым, үшеуін көрдім,
Мысырға бардым, біреуі де жоқ.
Жалғаннан біреу, екеу, үшеу,
Төртеуін бір жерден көрген адам да жоқ.

Араб әріптерінің асты-үстіне қойылатын ноқаттары


Бір патша, екі уәзір бек байланды,
Әрқашан он батырды жауға алдайды.
Құдыққа жіпсіз салып бір адамды,
Бесеуі шығаруға ондайланды.

Қол, екі көз, он саусақ, қалам, дәуіт


Үйіне мәңгі қайтпайтын,
Қонақтар түнде келеді.
Іздесе адам таппайтын,
Жаңалық айтып беретін.

Газет-журнал


Келеді сапар тартып алуан жолдан,
Тамаша қызығы көп түспес қолдан.
Қызығын оқысаңыз тамашалап,
Қаласаң хабарласып барлық жайдан.

Газет


Әкеміз Ормамбет хан, біз немере,
Ойласаң ойға түсер әрбір неме.
Адамға тілсіз, жайсыз сөйлеседі,
Қолы жоқ, аяғы жоқ ол немене?

Хат


Бір мақұлық бар тілі жоқ,
Сөйлегенде міні жоқ.

Хат


Аяғы жоқ жүреді,
Аузы жоқ сөйлейді.

Хат


Алыстан үйде отырып, алдым хабар,
Формалап әрбір жерді бояу жағар,
Айлықпен анда-санда барған деп,
Тоқтамастан тана тағар.

Хат


Болғанда айналасы, түсі қара,
Ілулі көпшілікке тұрған жаңа.
Бірде бар, бірде жоқ боп құбылып тұр,
Ақылым жете алмай жүр буған жаңа.

Карта, тақта


Бір сирағы біз,
Бір сирағы салады із.

Циркуль


Жер көрдім қаласы бар,
Үйлері жоқ мекендейтін.
Көп көрдім, өзен көрдім,
Сулары жоқ тереңдейтін.

Карта


Бір нәрсе бетінде жоқ ой менен қыр,
Өзінің кіндігінен айналып жүр.
Өзіне назар салып қарасаңыз,
Келбеті жер жүзінің көрініп тұр.

Глобус


Ақ жерде қара тары,
Кім шашса сол орады.

Жазу


Ақ тақырда қара тұқым себілген,
О тұқымнан білім дәні егілген.

Жазу


Ақ тақырда қара дән,
Қолмен сеуіп, сөзбен көр.

Жазу


Бір жанды бір жансызға мінгеседі,
Жүгіріп әр жерлерден із кеседі,
Тоқтамай жолдан жолды іздеп жүріп,
Ойлаған бір орынға кездеседі.

Қағаз, жазу


Ата тегі ағаштан болды,
Ақылын тауып, әсем жанды.
Теңіз беті шимайланды,
Бірақ ойым симай қалды.

Қағаз, дәптер


Бір құс бар бұлбұл деген ұзын мұрын,
Сөйлесе келтіреді сөздің нұрын,
Үстіне көкше мұздың жорғалаған,
Құс жоқта сөйлейтұғын одан бұрын.

Қағаз


Бес кісі тәуекел деп түсті жолға,
Сенгені бесеуінің жалғыз жорға.
Басқаны сол жорғаның бітті болды,
Кетеді қамшыласа оң мен солға.

Қол мен қалам


Бес үйрек суда жүрер саныменен,
Қаршығам төңкерілер айнаменен.
Жұмбақты табар болсаң, ойланбай тап,
Бір аққу жолдас болған бәріменен.

Бес саусақ, қалам, қағаз


Үш батыр қолдарына алды найза,
Су ішіп бір құдықтан етер пайда,
Бірінсіз бірі жұмыс ете алмайды,
Тарайды еңбектері талай жайға.

Қалам ұстаған үш саусақ


Бес жанды бір жансызға мінгескен,
Айналып ақ тақырдан із кескен.

Бес саусақ пен қалам


Бес жігіт сапар шегіп шықты жолға,
Мінгені бесеуінің жалғыз жорға.

Бес саусақ, қалам


Бір кісі он әскермен жүреді ылғи,
Әскері мұздан бөрік киеді ылғи.
Кісі отырып, әскері қызмет қып,
Еңбегі иесіне тиеді ылғи.

Он саусақ, сия


Он қойым өміріме болады азық,
Инемен суарамын құдық қазып,
Жатсам да, тұрсам-дағы өз қасымда,
Өзімнен көрген емес кейін қалып.

Он саусақ, сия

Жұмбақ бөлімдері мен түрлері

Жұмбақ жауабымен: балаларға, логикалық, қызықты және тақырыптық бөлімдер.