Жер жыры
Ақ бесігім, тұрағым, кең мекенім,
Сен мені, мен де сені тербетемін.
Қате басқан шығармын талай рет,
Үстіңде бұл, шын болса пенде екенім.
Аман ба, айналайын, о, жарық күн,
Мен қашан өзің жақтан көз алыппын.
Көктегі сен ұлы шам секілдісің,
Үстіне түсер мейрім тазалықтың!
Бұл жерде тыныштық, салады бұлбұл ән,
Ағады бұлақтар жағаға еркелеп.
Шаттықтан сезбеймін, уақытты жылжыған,
Бақытпен қоштасқым келмейді ертерек…
Жер жүрегін жүрекпен тыңдап алып,
Емін-еркін жуынып, күнге жарық.
Жеңіс күнге арнап көп гүлдер тердім,
Мен сен үшін, Әлия, қырға барып.
Онда мен үш жастамын,
Ол бір күн сендерге аян, тұстастарым.
Аңыраған әнімен аналардың,
Аударылып қанша рет түсті аспаным!
Ауысып шуағы мен ашуы әлі,
Тербелтіп бар өмірін ғашық әні.
Бойынан бұл әйелдің сан қасиет,
Ана болу арқылы ашылады.
Асығады барлығы, асығады,
Тіршіліктің арналы тасып әні.
Көзін ашқан ертемен ару күнім,
Көкжиекке еркелеп, асылады.
Планета тынысы –
менің тынысым,
сенің тынысың.
Хабарсыз отырсам кетеді тынышым.
Бейбітшілік – мен жұтатын таза ауа,
Бейбітшілік – жас сәби мен әз ана.
Кім жылатса осыларды, сен соны –
Ей, уақыт, жазала!..
Самал боп сағынышым, кел, кел маған,
Бір күйді берші, шертіп, шерте алмаған.
Мен сенің көз тиер деп, арқандалған
Ноқталы ботаң болдым, көркем далам.
Көктемгі жаңбыр, сағындым сені, шөлдедім,
Қалыпты қаңсып, жырға да толы шөлмегім.
Алғашқы жаңбыр бетіме келіп тигенде,
Жанғандай болды қуаныштан сөнгенім.
Бағыңа тіл, көгіңе көз болармын,
Жүрегің боп соғармын, қозғалармын.
Оралған шалғайыңа, Отан ана,
Өзекке тепсе кетпес өз балаңмын.
Қанша уақыт дауысың аңсаттырған,
Қайтқан үйге анамдай, шаршап қырдан.
Егіз аспан кеудемде қоңырау қағып,
Секілді, өмір жайлы ән сап тұрған.
Туды міне, жаңа күн, жаңа көктем,
Көңілімді күндіз-түн алаң еткен.
Сұғанақ қол, дауылдан, нажағайдан,
Аман ба екен, ағаштар анам еккен.
Байсың десең, баймын, дос, кедей десең, кедеймін,
Миллиард берген далада туған екем, не деймін.
Өткен күні бабамның есігінде бір байдың,
Көкірегінде толқып көп арман атты сырлы айдын.
Әлдилеп тыныштықты сыр тыңда, аспан.
Көңілдің айықтырып бұлтын басқан.
Кеудемде сайрағандай шыр-шыр етіп,
Даланың бозторғайы бір тынбастан.
Сенің де жырың – махаббат,
Менің де жырым – махаббат.
Жартасқа бір жас толқын,
Жатқандай ұрып шапалақ.
Айналған тірі тарихтарға бұл далам,
Қозғалыстардан уақыттай мынау тынбаған.
Коммунистер, тыңның таңғы тынысын –
Құлақпен емес, жүректерімен тыңдаған.
Бер маған не күніңді, не түніңді,
Барымен не жылауды, не күлуді.
Талғамай өткізейін таразыдан,
Осынау жақсы, жаман екі ұғымды.
Соғыстан соңғы сол жылдар,
Балалық болып елестер.
Кеудемде сырнай жел жырлар,
Тербеліп таулы белестер.
Қарызбын саған, туған ел,
Жұмғанша мәңгі көзімді.
Қарызбын саған,
нұрлы әлем,
Көктем шығып келеді жер бетіне талпынып,
Бір сілкініс күткендей мынау дүние сәл тынып.
Сұрағандай сүйінші, бала бұлақ ағады,
Аңғарынан таулардың сайға қарай алқынып.
Үмітіңді өмірден үзбе, күнім,
Ұмытылған қырлардың ізде гүлін.
Көктем болып жүрсең сен, көздеріңе
Көрінбей ме құлпырып күзгі өңірің.
Тауын жырлап, жерімнің көлін жырлап,
Табиғатқа болғандай көңіл құндақ.
Көрінеді көзіме шешуі жоқ.
Дүние деген құпия, болып жұмбақ.
Ағалыққа “балалық” болады аңыз,
Балалыққа айналып ораламыз.
Қасарысса, нүр жаумай аспан ата,
Қатып қалар еді ғой, “жер-анамыз”...
Басқа жақтың болады бұлты мұңды,
Керек етер серпіліп, сілкінуді.
Мен өзімді бақытты сезінемін,
Көргеніме тәуелсіз бұл күнімді.
Туған жерден шыққан жолдай таралып,
Оңаша ойдан отырамын нәр алып.
Маған анам “доп домалақ болып сен –
Кіндігіңе тудың, - дейтін оралып”...
Қара жартас, қазыналы сандыққа тең,
Сандығына қарайды аңдып, “бөтен”.
Теңізде өткен өмірді елестетіп,
Ауық-ауық түс көріп қалғып кетем.
Өмір-тағдыр майданын ұғып болғам,
Алдандырған, алдаған жігіт, жалған.
Толқын соққан бауырын... шұрық тесік,
Кемедеймін жағаға шығып қалған.
Күлімдеген Күн үнсіз,
Дірілдеген Ай үнсіз.
Не боламын тілімсіз,
Тілсіз өмір қайырсыз.
Өмірге мынау қайранбыз,
Көктемде... келер құс тағы.
Тоңғандай дір-дір ай жалғыз,
Жапырақтай күміс қыстағы...
Басымды қысып тұр қысым бір,
Тіршілік... шу тілін түсіндір.
Үмітпен, тас жолдың үстінде,
Торғайлар дән іздеп ұшып жүр.
Қай жаққа, құйын көңлім, ала қаштың,
Шабытқа шарапсыз-ақ шала маспын.
Жазықсыз жылап сәби жапырақтар,
Таласып төсін емер мама-ағаштың.
- Азамат Төре
- Азамат Төре
- Азамат Төре
- Салтанат Айдарбекова
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі