Техника, көлік, шеберхана құралдары туралы жұмбақтар – 2-бет


Бір тетігін басқанда,
Алып шықты аспанға.
Басып тағы байқап ем,
Жерге түстім қайта мен.

Лифт


Саусақ тіреп біртіндеп,
Баса берсең сабазды,
Сөйлетеді бір тілде
Қабат-қабат қағазды.

Баспаханалық мәшине


Мың миллион пернелі
Домбыраны көрген кім?

Темір жол рельсі


Екі аяқты желаяқ,
Артсаң болды сен аяқ,
Жетем деген жеріңе
Жеткізеді оңай-ақ.

Велосипед


Екі жақты,
Екі сапты.
Барлық затты
Тістер қатты.

Қысқаш


Kөмip шайнап,
Teмip құсады.

Домна пеші


Жүзімен шабады,
Шүйдесімен соғады.

Балта


Шаңға толған шанағы,
Қоқыр-соқыр – тамағы.

Шаңсорғыш


Бip тетігін басқанда,
Алып шықты аспанға.
Басып тағы байқап ем,
Жерге түстім қайта мен.

Лифт


Онда би де, күйің де,
Қызығына қанбайсың.
Отырып-ақ үйіңде,
Дүниені шарлайсың.

Теледидар


Су бетінде үйрек жүр,
Қалт-құлт етіп билеп жүр.

Қайық


Тізбек үйлер көшіп жүр,
Жолын жұрттар тосып жүр.

Жолаушылар пойызы


Киімнің,
Бұйымның
Жатқызар тiгiсін,
Жатқызар қыртысын.

Үтік


Құрылыста керік тұр,
Керегіңді бepiп тұр.

Көтерпіш кран


Он таңбалы цифрлы,
Әрекеті сиқырлы.
Терсең болды сандарын,
Сөйлер керек жандарын.

Телефон


Қырық екі тілі бар,
Тық-тық еткен үні бар.
Оның тілін тек қана
Маман жандар ұғынар.

Жазатын машинка


Сүймейді тоқтауды,
Сүйеді таптауды.
Асфальтты илеген
Көрдің бе оқтауды?

Асфальт таптайтын машина


Дауысы да ілеспес
Өзі ұшқан қарқынға.
Созған шүйке іспеттес
Жол қалады артында.

Реактивті самолет


Жылжымалы жақ,
Бұлжымалы жақ.
Оңға бұрап бақ,
Солға бұрап бақ —
Үлкенге де шақ,
Кішіге де шақ.

Универсал кілт


Иығына ал шығып,
Тұмсығынан шаншылып,
Күндіз қазып, түн қазып,
Берсін талай ін қазып.

Бұрғы


Жеген асы шығады желкесінен.

Сүргі


Төбесінде өмір бақи төбелес,
Төзіміне оның ешкім тең емес.

Темір төс


Екі езуі құлағына жетеді.
Тамақ жесе ызың-ызың етеді.

Ара


Жалпақ желке, сопақ бетті
Орманымды отап кетті.

Балта


Сыңар құлақ батыр
Шылым тістеп жатыр.

Іскенже


Шам, плита жұмысын жасай қалды,
Ал оның есептен-ақ басы айналды.

Электросчетчик


Құйрығы інге кірсе,
Беті өртенген.
Шегіне шегі тисе,
Қатер төнген.

Электроплитка


Апам үшін қам жеген:
Тозаң жұтып, шаң жеген.
Жатыр үйде айдаһар,
Ондай мешкей қайда бар?

Шаңсорғыш


Жүріп кетсе жүйрік бір
Лып-лып етіп ойнаған.
Кереметі:
Құйрық бір
Құтаймай-ақ қойды оған.

Ине


Аяғы бар жүрмейді,
Аузы жоқ сөйлейді.

Бағдаршам


Пырылдап көкте инелік,
Инелік емес үй делік.

Тікұшақ


Бұл тұлпар су ішпейді
Жем жемейді.
Ескеріп ешбір адам емдемейді.
Жүк емес жануарға жүз адам да
Киіп ап төрт дөңгелек дөңгелейді.

Автобус


Төбесінде ебелек,
Ұшады өзі керемет.

Тікұшақ


Биологияда бұл паразит,
Көзге зорға көрінер.
Информатикада өлшем бірлік,
Ақпаратты өлшер.

Бит


Ақпараттарды шығарады,
Бұл құрылғы қалай аталады?

Баспа құрылғысы, принтер


Төртбұрышты әйнек
Тұнып тұрған әлем.

Монитор


Жануарға ұқсас атым бар,
Бағдар көрсетер затым бар.
Кілемше үстінде тұрамын
Ең қажетті құралмын.

Компьютер тышқаны


Өзі сөйлей білмейді,
Бірақ «Тоқта, жүр!» дейді.

Бағдаршам


Арқаным бар тым ұзын,
Ала-алмайсың бір үзім.
Табыңдаршы, балалар,
Бұл жұмбақтың шешуін.

Жол


Жоқ өзінде бас та, ауызда да, құлақ та,
Бақырайған үш көзі бар бірақ та.

Бағдаршам

Жұмбақ бөлімдері мен түрлері

Жұмбақ жауабымен: балаларға, логикалық, қызықты және тақырыптық бөлімдер.