Техника, көлік, шеберхана құралдары туралы жұмбақтар – 3-бет


Тоқтаса, тік тұра алмайды,
Жүріп кетсе, жүгі аумайды.



Шыр-шыр етіп безілдейді,
Көтерсең, “жылағаны” сезілмейді.



Су ішсе де жем жемес,
Атыңнан бір кем емес;
Шылбыр тізгін білмейді,
Бірақ сенсіз жүрмейді.



Көп күймеден құралған,
Жұлдыз құрттай шұбалған,
Қос ішекті жегіп ап,
Атсыз жүрер бұл арбаң.



Екі тас беттесіп,
Жұтады бидайды.
Бір дәнін бірақ та,
Жеуге өзі қимайды.
Майдалап қайтадан
Адамға сыйлайды.



Зырылдаса айналып,
Беліне шар байланып,
Алғандай бір тон киіп,
Шыға келер томпиып.



Сиқыр да жоқ ісінде,
Алды иесі жүлдені.
Сақталады ішінде
Барлық көрген-білгені.
Бағалаймыз еңбегін
Оны ұстаған сабаздың.
Көшіреді көргенін
Ақ бетіне қағаздың.



Азу тісін қара жерге батырып,
Тұр бір алып топырақты сапырып.



Жұрт таңырқап қарады,
Заулар құрыш жолы бар.
Зулап кетіп барады
Арқыраған «жануар».



Өзі темір, ала мойын керікті
Інім менің темір жолдан көріпті.



Құлаш-құлаш ішегім бар,
Қатпар-қатпар белім бар,
Төрде маған орын бар,
Жаз күніндей демім бар.



Қамшыласаң, жүрмеймін,
Мініп алып тебінсең,
Кідіруді білмеймін.



Қуатым мол,
Бірақ жайбасармын.
Қорегім сол –
Май асайын.



Тәтті, дәмді тағамды,
Пісірген соң әудемде.
Қолғанат деп жарамды,
Бағаланды әр жерде.



Қызып алса тындырар,
Бір адамның жұмысын.
Киіміңнің сындырар,
Тігісі мен тырысын.



Ертелі-кеш болатын жұмысымда,
Бір сандық бар үйімнің бұрышында.
Әлемдегі өмірді көрсетеді,
Сиғызып ап ішіне – қуысына.



Меңгеруге жарасаң,
Қай уақытта қаласаң.
Естіледі ішінен,
Ойын – күлкі, тамашаң.



Шапсам да жауын-шашын, жел де мейлі
Астымда арғымағым терлемейді.
Тұрады қаңтарулы мінбегенде
Өмір бақи су ішіп, шөп жемейді.



Әрі шешен, әрі әнші, әрі күйші,
Әр үйде бар, тапқышым, кәне, білші.


Жұмбақ бөлімдері мен түрлері