Бір шаһар жаратылды бітеу қақпа,
Жүргізіп патша отыр алтын тақта.
Уәзірі он екіден -жиырма төрт,
Әр уәзір алыс жерде әр уақытта.
Асты тақтай, үсті тақтай,
Қонады сол тақтайға үйрек қаптай.
Үйректі екі мерген атамын деп,
Аңдиды тұрғысынан дамыл таппай.
Қолыма қалам алдым, қағаз сайлап,
Жүруші ек көшіп-қонып алты ай жайлап.
Қолымда жиырма төрт үйрегім бар,
Жүреді отыз екі көлді жайлап.
Жүруші ем жігітімде атты жайлап,
Осы күнде отырмын жұмбақ ойлап.
Қолымда жиырма төрт үйрегім бар,
Отыз екі жүреді көлді жайлап.
Бір топ құс ұшып қонды балағанға,
Үйірі жиырма төрт санағанға.
Ісіне құдіреттің қарап тұрсаң,
Қонады екі бөлініп қарағанға.
Жансызда бір нәрсе бар төрт бұрышты,
Екі кісі келді де, келді ұрысты.
Екеуінің он екіден әскері бар,
Жиылды да екеуі қатты ұрысты.
Бар екен екі жақты екі дуан,
Он екіден әскері бір күн туған.
Біреуін біреуі арбап, құрбан беріп,
Қан майдан соғыс салып көңілі тынған.
Қолымнан жиырма төрт үйрек ұшты,
Барды да отыз екі көлге түсті.
Балдыры мен шөбіне әбден тойып,
Бір-біріне жаудай боп қарсы ұшты.
Жиырма төрт үйрек қонған қиған тасқа,
Орны бар әрқайсының басқа-басқа.
Он солдат оңды-солды ойнатады,
Жиын жоқ адамзатта онан басқа.
Бір көлден он екіден қаз ойнайды,
Алсам деп бірін-бірі наз ойлайды.
Келгенде жақындасып, қожаңдасып,
Бір-бірін алмасына еш қоймайды.
Алты пар, он екі қозы,
Жүрмейді рұхсатсыз оның өзі,
Осыған екі қасқыр кеп таласып,
Ақылмен жеңіп алар жетсе кезі.
Бір нәрсе төрт бұрышты, түсі шұбар,
Екі адам екі жақтан аңдып тұрар,
Екеуі он екіден әскер алып,
Жерінде ұшан майдан ұрыс салар.
Бір кеме айналасы бітеу қақпа,
Жүргізген капитаны алтын тақта,
Уәзірі он екіден жиырма төрт,
Отыз екі көлде екен әр уақытта.
Қария үсті тақтай, асты тақтай,
Үйрегі жиырма төрт қонған баққа-ай.
Ұшқанда бір-біріне қарсыласып,
Соқтықпай ұшады екен қанат қақпай.
Үңгіген ішіне,
Қорғасын құйылған.
Әдемі түсі де,
Әрі тигіш қиырдан.
Үрлесең жеп-жеңіл,
Елпілдеп кетеді.
Ұшырсаң,
Көк-теңбіл,
Бұлтқа да жетеді.
Жіңішке жіп,
Жүрген сүйретіп.
Бір басы — темір ілгек,
Бір басы — құрық имек.
Жердің ирек құртына,
Құмар асау ұртына.
Ілгек іліп шығарды,
Судың жаға сыртына.
Балалар суға салған жіп,
Тереңнен іліп алар жүк.
Табанға қанжар байладым,
Бетінде айна ойнадым.
Даңғыл жол етемін,
Тілгілеп ақ қарды.
Шарықтап кетемін.
Қапталды, Шатқалды.
Қайқы тұмсық қос табан,
Қос таяқпен ұштаған.
Итерсең алға заулайды,
Шойын жолдан аумайды.
Аяғымда
Басы қайқы қос сырық.
Таяғым да
Қуады оны састырып.
Мініп алып ылғи да,
Тыңнан жол табамын,
Жоғарыдан ылдиға,
Жұлдыз болып ағамын.
Мінсем,
Төменге зу етем,
Өрлесем,
Оны өзім сүйретем.
Тепсең-ақ секіріп,
Ұстатпай қашады.
Бір жерге бекініп,
Тұра алмай сасады.
Қампитып үрлеп қарынын,
Қуалап басты арынын.
Бала біткен соғады,
Жеңіл шарды домалақ.
Ұрсаң
Ұшып жоғары,
Жерге түсер домалап.
Қос әйнектен қарасаң,
Көз алдыңда тұрады,
Алыстағы орасан.
Таба алмай оң менен солыңды,
Адассаң қапылыста.
Дәл сілтер көрсетіп жолыңды,
Шығысқа,
Батысқа.
Қыс айында мұз айдында,
Жүгіріп зыр қағады.
Бір адамды екеу ара,
Көтеріп ап барады.
Кішкене ғана доп,
Өзінде дамыл жоқ.
Тақтайларға үнемі,
Ұрғылайды маңдайын.
Бар кәсібі бәкене бой,
Торды қарғу әрдайым.
Тордан кетсе ойнақтап,
Ойыншыны ойлантпақ.
Өзіне соғылған тор үйді,
Өзінен барша адам қориды.
Осынша тауқымет жүктелсе,
Қайтсін-ау, жағдайы қиын-ды.
Бір саңылау табылып зып берсе,
Дүр сілкіп тастайды жиынды.
- Рымғали Нұрғалиев
- Серік Қирабаев
- Мұхтар Әуезов
- Міржақып Дулатұлы
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі