Шаруашылық құралдары туралы жұмбақтар – 2-бет


Бір нәрсе екі аяқты, бөксесі жоқ,
Қолы бар, белі нәзік, кеудесі жоқ.
Тамаша ұстағанын жібермейді,
Әркімнен қуаты артып, көңліне тоқ.



Жәндікке барып жабысар,
Асаумен де алысар.
Бағыт сілтеп адамға
Көмекші болып алысар.



Балдыр-балдыр басынан алыпты,
Тәңірберген тамағынан алыпты,
Құдайберген құйрығынан алыпты,
Ең мықтысы белінен алыпты.



Бір нәрсе бес буынды, тиегі бар,
Темірден салбыраған иегі бар,
Болғанда бірі қолда, бірі белде,
Адамға әрқашанда керегі бар.



Екі темір, бес ілгек,
Ортасында селкілдек.



Отырған жері ой-шұңқыр,
Басқан жері бай-шұңқыр.
Алдымда қылқан,
Артымда қылқан.



Ойдым-ойдым, ойдым жер,
Ойдым жердің шөбін жер.
Жабағылы көк қойды,
Жалбыратып қасқыр жер.



Алғашқы темір саптаған,
Жұқартып ептеп баптаған.
Керек қылар диқаншы,
Нағыз керек кезінде,
Сат десең де сатпаған.



Жұмылмайтын жұдырық,
Бүгілмейтін білек.



Бір дәу жалғыз тұрып қарғылдайды,
Қызметін екі жендет бар қылады.
Ысқырып қызыл жалын шыға келсе,
Келдекпен бір-ақ ұрып дал қылады.



Төрт мүйіз, бір құйрықты,
Тындырады бұйрықты,
Көктен бөрік киеді,
Көктен таулар үйеді.



Болғанда басы біреу, көпті тісі,
Сабақтап есіп қойған өткір ұшы.
Ертеден шөп жесе де бір тоймайды,
Томпайып көрер көзге шықпайды іші.



Боз атым кетті қамшылап,
Тұра алмас оған жан шыдап.
Кіреді де шығады,
Басынан суы тамшылап.



Бір құс бар басы төмен бауы аспанда
Көзінен жас ағады тау асқанда.
Өзінің аңдып тұрған бір жауы бар,
Кетеді іліп-алып жанасқанда.



Қырық кез оқ,
Қарағай садақ,
Қырық дуадақ,
Бір арықтан су ішеді.



Бір нәрсе басы төмен, бауы аспанда,
Құс келер бір адамға тау асқанда,
Бір адам қарсы алдыңда уәзір боп тұр,
Кетеді іліп алып жанасқанда.



Құдыққа мың қойым түсіп кетті,
Манақбай-санақбайымен түсіп кетті.



Құс бар өзі жансыз, бауы аспанда,
Кетеді айқайласып тау асқанда,
Қасымда аңдып тұрған бір адам бар,
Кетеді іліп алып жанасқанда.



Ұзын құйрық сауысқан,
Бір көлдің суын тауысқан.



Дүниеден бір құжыра көресің бе,
Жалғыз көзі көрінер төбесінде?
Өзіне барған мақұлық құр қайтпайды,
Жаны жоқ қимылдауға денесінде.



Бір топ қой бір көпірден өтіп жатыр,
Астында бір қобдиға кетіп жатыр,
Өзгеріп заңдары да басқаланып,
Будалап әрбір жоққа жетіп жатыр.



Дария күркірейді көбік атып,
Әркім-ақ іздеп барар жүгін артып,
Дарияның әрі-бері өткелі жоқ,
Біреуі келген емес тірі қайтып.



Қайнап жатқан тас көрдім,
Тұзсыз піскен ас көрдім.



Бір нәрсе асты-үстілі алты қақпақ,
Бар пенде ырызығын онан таппақ,
Бұлт алып айналасы күркіресе,
Қар жауып арасынан болады аппақ.



Бір нәрсе өзі жансыз жоқ қой жаны,
Бір тарау ортасында байлағаны.
Өзінің жұтатұғын көмейі жоқ,
Қалады жерге түсіп шайнағаны.



Бір нәрсе керегесіз дөп-дөңгелек,
Қозғалса жүгіреді зыр дөңгелеп.
Аузына керек асын салып қойсақ,
Шығарат мына жақтан екі бөліп.



Арқасында аузы бар,
Тұмсығында құйрығы бар.


Жұмбақ бөлімдері мен түрлері

Жұмбақ жауабымен: балаларға, логикалық, қызықты және тақырыптық бөлімдер.