Өлең, жыр, ақындар


Екі кісі ерегісіп келеді.

Құлақ



Асқар бел,
Асқар белдің аржағында ақ өткел,
Ақ өткелдің аржағында кішкене тау,
Кішкене таудың аржағында қиған қамыс,
Қиған қамыстың аржағында мидай дала,
Мидай даланың аржағында қара қопа,
Қара қопаның ішінде қара шошқа,
Қара шошқаны алады жалғыз тоспа.

Иек, ауыз, мұрын, қас, маңдай, шаш,бит, тарақ



Бір топ қамыс,
Бір топ қамыс астында қиған қамыс,
Қиған қамыс астында жылтырауық.
Жылтырауық астында пышылдауық,
Пышылдауық астында тебендеуік,
Тебендеуік астында қатар-қатар тас,
Ортасында жылмаңдауық.

Шаш, қас, көз, мұрын, ерін, тіс, тіл



Қалың қамыс, қалың қамыс,
Астында қия қамыс.
Пысылдауық, пысылдауық,
Астында сақылдауық.

Шаш, қас, мұрын, ауыз



Үрпек-үрпек тау,
Үрпек таудың астында екі жарық жұлдыз,
Оның астында екі тышқақ тоқты,
Оның астында жатқан тағы бір құндыз.

Шаш, көз, қас, мұрын, мұрт



Бір таудың адам жүрмес қиясы бар,
Екі самұрық ,қос қыран ұясы бар.
Бітіпті етегіне құрма ағашы,
Басында бұлбұл құстың ұясы бар.

Бас, көз, құлақ, тіл, ауыз, сақал



Бір жанды мақұлық көрдім формы бөлек ,
Бір тау бар ортасында дөп-дөңгелек.
Үстіне шыққан шөбі бәрі тегіс,
Мал жемес, шауып алып неме керек.
Ол таудың ортасында екі өзен,
Астында бұлағы бар, алды кезең,
Не астына, не үстіне шыққан шөп жоқ ,
Адамзат көргені жоқ ондай өзен.
Ол таудың етегінде жалғыз құдық ,
Беткейде асыл таспен аузын қиып,
Ішіне кірген нәрсе тірі шықпас,
Асыл тас жібереді бәрін қиып.

Бас, бет, ауыз, тіс



Бір таудың басында бар бір топ тоғай,
Ойлаған ақыл-ойға жұмбақ оңай.
Сол таудың етегінде бір сарай бар,
Жүк әкеп түсіреді он бай ноғай.

Бас, ауыз, қол



Бір тауда мекен еткен отыз бөрі,
Ол кісі отызының қызметкері,
Жанында екі адам қарауына
Жүрмейді бірі ілгері, бірі кейін.
Тағы да екі адамнан тыңшысы бар,
Есітіп келіп тұрған әңгімені,
Бірінің ортасында бағлан қозы,
Секіріп ойнап тұрған әрі-бері
Істейді біреуді екеу, қиынды оңай,
Қозыдан пәрменменен шыққан желі ,
Сол тауда мекен еткен бөрілердің,
Бойы бар ұстап көрсең екі-ақ елі.
Жалмаймын жер жаһанды десе-дағы,
Көрсетпейді қымтап тұрса екі тері.

Бас,отыз тіс, екі көз, екі құлақ, тіл, ерін



Қарамасаң жайлауға,
Қабан келер шайнауға.

Бас пен бит



Қос бұлақ бір қарауыл салғаны бар,
Мойнында үш жүз алпыс арқаны бар.
Ақ тоғай, қара тоғай қалың ағаш,
Тоғайдың әр мезгіл де тарқары бар.

Сақал,шаш



Алпыс қанат ақ орда,
Алпыс атанға сыймайды.
Алпыс атаным қысқа дейін десем,
Тәңертең ұшқан құс,
Кешке әрең қонады.

Шаш, тарақ



Бір төбеге қойыпты шынар жайып,
Қолына қылыш алды бір ғажайып,
Екі жақта шынардың қалқаны бар,
Кетпесін қалқанына қылыш тайып.

Шаш,ұстара, екі құлақ



Мың қойымды бір шыбықпен айдадым.

Шаш, ұстара



Мың қойым суға кетті ,
Байжан ақсақал қуа кетті.

Шаш, ұстара



Шығыпты тау басына бір топ раң,
Төбенің бірі -қара, бірі-қылаң,
Қылышын қынасынан жылмаңдатып,
Раңның бірін қырмай, бәрін қырам.

Шаш,ұстара



Қара айғырым шабады қамшыламай,
Қара жерге аяғын шаншып алмай.
Бір төбенің басына шығып алып,
Мың қойды қасқыр жепті қан шығармай.

Ұстара, шаш, бас



Қары бар Қаратаудың кетпейтұғын,
Ішінде бір бұлақ бар кеппейтұғын,
Бұзылып алтын кісен босқа қалса,
Ұста жоқ ол кісенді септейтұғын.

Ағарған шаш,мұрын сорасы,тіс



Қар жауды таза жерге кетпейтұғын,
Түбінен қайнар шықты кеппейтұғын.
Алтыннан соққан қала бұзылыпты,
Бар ма жан оны соғып ептейтұғын.

Ағарған шаш, мұрынның сорасы, түскен тіс



Қар жауды Қаратаудың басына кетпейтұғын,
Етекте екі бұлақ кеппейтұғын,
Бір тауда бір диірмен босқа қалды,
Бар ма екен сол диірменді ептейтұғын.

Ағарған шаш , көздің жасы, тіл, тіс