Адамның дене мүшелері туралы жұмбақтар – 4-бет


Таудан тас құлады.

Көз жасы


Бір көлде екі түрлі сүт бар.

Көздің ағы мен қарасы


Ары жүгір қаратай,
Бері жүгір қаратай.
Тал түбіне барғанда,
Тайып жығыл қаратай.

Көздің қарашығы


Сырты қылшық,
Іші былшық.

Кірпік пен көз


Қара суда суат жоқ,
Қалың талда бұтақ жоқ.

Көз бен кірпік


Көрші отырған көршілер
Бірін бірі көрмейді.
Қара түнек қос үңгір
Діңгегі асу бермейді.

Көз бен мұрын


Ағайынды екеу болыпты,
Екеуі тату жүріпті.
Ортасында тау болып,
Бірін бірі көрмепті,
Екеуінің міндеті орындайтын бір бопты.

Көз бен мұрын


Ала тайынша шаң көтермейді.

Көз


Көреді бәрін өзгенің,
Көрмейді бірақ өздерін.

Көз


Екі бала қатар тұрса да,
Бірін-бірі көрмейді.

Көз


Кішкентай бір мақұлық торы ала,
Ағаштан атрапына соққан қала.
Ішінде сол қаланың өмірі өтер,
Сабыр қып сахараға шықпас жана,
Жаралған өзі ғана артық болып,
Болжайды әр нәрсені айтып шама.

Көз


Ала арқаным жетпес жер жоқ.

Көз


Бір тауда жанады екі шырақ,
Бір жанады, бір өшеді.

Көз


Құстан ұшқыр, тездігі оқтан бетер,
Бес жүз жылқы аспанға оқтай жетер.
Ақылменен ойланып қарасаңыз,
Жылдамдыққа нәрсе жоқ онан өтер.

Көз


Кішкене ғана бетерім,
Жер түбіне жетерім.

Көз


Кіп-кішкене қараша,
Тұрған жері тамаша.
Бір секундта жер-көкті
Алады шарлап қараса.

Көз


Көріп едім бір үлкен дарияны,
Барша қыз мекен етіп жатыр оны.
Ішінде ерлі-байлы екі аққу бар,
Жарықтық жеті сарбас балалары.

Көз


Жар қабақта екі бастау,
Жапсар тастың астында
Жасыл ала құс жатыр.

Көз


Әрі жүрер қараша ат,
Бері жүрер қараша ат.
Су бойында тұнық су,
Таңдап ішер қараша ат.

Көз


Қос әйнек шыны да емес, темір де емес,
Бұзылса оны адам түзер емес.
Кезінде өзі ашылып, жабылады,
Мағынасы қымбат нәрсе, арзан емес.

Көз


Бір қария жерде де емес, көкте де емес,
Болғанда түбі терең, аузы кемеш.
Ішіне ит түссе де арам емес.

Көз


Меккеде бір ағаш бар түбі жуан,
Он екі ұл, алпыс екі қызы бір күні туған.

Он екі мүше, алпыс екі тамыр


Ағады алпыс екі бұлақ бір қайнардан,
Он екі бұлағы бар шыр айналған.
Ісіне таң қаламын құдіреттің,
Бәрі де бір нәрсеге ыңғайланған.

Алпыс екі тамыр, он екі мүше


Бір таудың алпыс сегіз саласы бар,
Он екі жанында қаласы бар.
Бау-бақша түрлі өсімдіктер,
Барлығын билеп тұрған анасы бар.

Алпыс сегіз тамыр, он екі мүше


Бір “әліп” мұнарадай көзім көрген,
Екі “мәт”, екі “сәкін” оған ерген.
Болғанда “иа” ден камал, нұрдан гауһар,
Болады кім данышпан мұны білген.

Адам, көз, жас, екі құлақ, cөз


Алпыс екі мәуелі шынар ағаш,
Ағашқа біткен бұтақ жалғас-жалғас.
Және де екі тесік бір мешітте,
Қаланған кірпіші бар іргесінде.
Бір әйнек шыны да емес, темір де емес,
Жасауы сынып кетсе қолдан келмес.
Жұмбағым тез ойланып тауып берші,
Сен-дағы жігіт едің өзім теңдес.

Адамның жаратылысы


Тамға таяқ сүйедім,
Отыз екі сыр-сырлап.

Отыз екі тіс


Бір мақұлық жұмыста сорлайды,
Мисыз деп оны жұрт ойлайды.
Саумайды, соғымға соймайды,
Бірақ та мінуін қоймайды.

Қол


Отыз екі орағым бар ғажайып,
Әттен, кейін кетеді ғой азайып.

Тіс


Бірі қысқа, бірі ұзын он бала,
Жұмысында тындыратын сол ғана.

Он саусақ


Кішкене ғана тостаған,
Жер дүниені бастаған.

Көз


Түпсіз терең тұңғиық
Бүкіл әлем тұр сыйып.

Көз


Қос қабыршақ қабысып,
Қарбызға тұр жабысып.

Құлақ


Сәуле астында жүз ине.

Кірпік


Тақырда тайдың ізі.

Кіндік


Күмбір-күмбір қарағым,
Қартайғанша жарадың.

Құлақ


Асқар тауда қара орман.

Шаш


Екі ағайынды,
Екеуі де бір үйде,
Бірін-бірі көрмейді.

Көз


Ақ дуалдың ар жағында қызыл ат,
Байлауынан бір босамас қызық ат.

Тіл


Егіз қайың,
Бой-бастары тең өскен.
Іске дайын,
Бұтақтары бес-бестен.

Қол

Жұмбақ бөлімдері мен түрлері

Жұмбақ жауабымен: балаларға, логикалық, қызықты және тақырыптық бөлімдер.