Үй заттары туралы жұмбақтар – 3-бет


Сәбиге сәнді үй,
Әжеге ән-күй.

Бесік


Жездекем
Бұраса құлақты,
Селдетем
Құбырдан бұлақты.

Су краны


Көлшігім бар төбемде,
Аптапта жуынам,
Піл тұмсықпен себем де.

Душ


Іші мата,
Тысы мата,
Арасы мақта,
Төрт бұрышты қабылған.
Бұл не,
Жатарда табылған?

Көрпе


Үстi жазық –
Төрт қазық.

Үстел


Жайсаң түңлiк,
Жисаң дiңгек.

Қолшатыр


Iшi мата,
Тысы мата,
Арасы мақта,
Төрт бұрышты қабылған,
Бұл не,
Жатарда табылған?

Көрпе


Үсті жазық —
Төрт қазық.

Үстел


Ағайынды төрт батыр,
Көтергені бір шатыр.

Үстел


Бір жігіт үш белбеу байланады.

Бесік


Дүниеде күйме көрдім төрт аяқты
Дөңгелек екі басы ай сияқты.
Төрт есік, мәткесі бар, уығы жоқ,
Үзік жоқ, туырлық жоқ, түндігі жоқ,
Құс төсек мамық жастық, біреу жатыр,
Көңілі уайымсыз жай сияқты.

Бесік


Бір нәрсе екі түрлі заттан болған,
Адамзат шығарады істеп қолдан.
Жұмсаймыз уақытымен тазалыққа
Өмірі ақырында бітер содан.

Сабын


Бұдан кір қорқады,
Судан бұл қорқады.

Сабын


Өзі кірді ашады,
Суға салсам қашады.

Сабын


Бар екен бір асыл зат белін буған,
Қаншама жиренбейді лас судан.
Жаны жоқ, кеудесінде болса-дағы,
Қалмайды көп жиылған ұлы дудан.

Шылапшын


Адам жоқ, салмақ салмаған,
Орны жоқ, кезіп бармаған.
Тізе бүкпей әлі тұр,
Сонда да таяғы талмаған.

Орындық


Бір нәрсе ет жемейді, су ішпейді,
Үстінен оның, сірә, жан түспейді,
Шаршамас, белі талмас, сондай мықты,
Тұруға жалықпайды, беріспейді,
Міні жоқ, бойы сұлу болғанменен,
Таңырқап оны адам көріспейді.
Мінезі сол нәрсенің сондай жуас,
Бір-бірін бөтен малдай тебіспейді,
Жұмысын салтаң мініп бітірмесе,
Жегуге арба шана көніспейді,

Орындық


Төрт аяқты болса да жүре алмайды,
Өздігінен еш нәрсе біле алмайды.
Жайылған дүниеге бір ғажайып,
Тік көтеріп отырар адамдарды.

Орындық


Бір дария жерде де емес, көкте де емес,
Төрт тіреу төрт жағынан тұрады егес.
Үстіне алуан түрлі жеміс шашып,
Бірнеше үйрек келіп қонады еміс.

Үстел, тамақ, шыныаяқ


Бір нәрсе дөңгеленген төрт аяқты,
Көтерген үш уақыт барлық затты.
Жем беріп, сол уақытта келгендерге,
Етеді көңілін шат, әрі ауқатты.

Ас ішетін үстел


Арқасында азығы,
Бауырында қазығы,
Күнде шүлен тарқатар,
Оның неден жазығы?

Үстел


Төрт келінге бір орамал.

Үстел


Дөңгелек айналасы, үсті тегіс,
Табылар тарапынан түрлі жеміс.
Төртеуі ағайынды тату екен,
Олардан аулақ жүрер ұрыс-керіс.

Үстел


Басы жоқ, төрт аяқты, жансыз бір зат,
Құлағы жоқ, көзі жоқ, бейне бір ат.
Жүк артсаң әсте белі майыспайды,
Құйрық-жалсыз бұл өзі не қылған зат.

Үстел


Бір нәрсе су ішінде болды пайда,
Дарияға оны алатын дәурен қайда.

Айнадағы сурет


Үстінен ажырамас ағаш енді,
Қарасаң күлкісіне тамаша енді.
Сұлулық, көркемдікке әуес болған,
Адам менен өзі жүрер таласа енді.

Айна


Көлеңкесін көріспек,
Көріп тұрсаң күліспек.

Айна


Сүңгідім суға қарап етпетімнен,
Артыма бір қарадым кеткенімнен.
Әлгі су сүңгіп кеткен мұз боп қатты,
Тағы да шығар-шықпас еркі өзімнен.

Айна


Күнде оған қараймын,
Қара шашым тараймын.

Айна


Бір дария жерде емес, көкте де емес,
Дарияның аузы көмеш, түбі төгеш.
Суының мөлдірлігі таңқалғандай,
Ішіне ит түссе де арам емес.

Айна


Әрі отыр ләйлім құс,
Бері отыр ләйлім құс.
Көлеңкесі күмістен,
Күліп тұрған ләйлім құс.

Айна


Алдыма келіп бір сағым,
Көрінді менің көзіме.
Бұл қалай деп сенбеп ем,
Дәл келтірді өзіме.
Байқап тұрсаң бір ғажап,
Аждаһадай тұлғасын,
Сиғыздыра әкелген
Алақандай көзіне.

Айна


Егіз екі қарсы келді,
Арасына көк мұз түсе берді ,
Біреуі жанды, біреуі жансыз.

Айна


Адамды тартып алар көрсе өзі,
Мелшиіп қарап тұрар болмай сөзі.
Жанына барған кісі екеу болар,
Бетіне түртіп қалсаң шығар көзі.

Айна


Бір көл бар, мөлдір емес, лас емес,
Ішіне ит түссе де арам емес.

Айна


Қарап тұрсаң өзіне,
Сурет түсер көзіңе.
Ол суретің ұқсайды,
Дәл қазіргі кезіңе.

Айна


Табан-табан, табан-ай,
Табаны жалпақ қоян-ай,
Көлеңкесі күмістен,
Күліп тұрған қоян-ай.

Айна


Кішкентай ғана мінтас,
Алып ұрсам сынбас.

Тұтқыш


Аяғы жоқ , қолы жоқ,
Көйлегі көк, қарны тоқ.

Жастық


Керегенің басында
Мақпал қоржын.

Тұтқыш

Жұмбақ бөлімдері мен түрлері

Жұмбақ жауабымен: балаларға, логикалық, қызықты және тақырыптық бөлімдер.