Жұмбақтар жауабымен – 55-бет


Жылт-жылт еткен,
Жырадан өткен.

Су


Ақ боз атым арынды,
Ақ көйлекке малынды,
Таудан тасты атқылап,
Таудан түсті шапқылап.

Тау бұлағы


Бір шұқырда көп шұқыр,
Іштен түртіп көп шұқыр.

Бұлақ суы


Бар-бар, атым бар,
Жүйрік қана затым бар.
Жылқыға ұқсап кісінемес,
Қолға ұстасам, тістемес.

Арықтың суы


Шыққанда шығыны жоқ,
Жауса жауын бүйірі тоқ,
Қыста жылтыр қақ болар,
Түртінектеп тынымы жоқ.

Өзен


Ақ жылан аяғы жоқ, көзі де жоқ,
Сөйлеген не бір ауыз сөзі де жоқ.
Тоқтамай қысы-жазы кезе берер,
Үстінде бір жапырақ бөзі де жоқ.

Өзен


Көтеріп орман, тоғай, тастың бәрін
Жапанда шөгіп жатыр үлкен нарым.

Тау


Үлкен, үлкен түйені
Тастапты атам шөгеріп.
Өркеші бұлтқа тиеді,
Бауыры жатыр көгеріп.

Тау


Ұзын кілемім бар,
Көтеріп ала алмаймын.
Ұзын арқаным бар,
Оны жиып ала алмаймын.

Жер мен жол


Аждаһа жерден шығып көкке өрлер,
Қысылып өзгелерден бұрын терлер.
Түрі бар аждаһаның неше түрлі,
Алады қолы жеткен мініскерлер.

Жер


Жайы-жайы, жай кілем,
Жайылып жатқан бір кілем,
Түр-түр кілем,
Төгіліп жатқан кір кілем.

Көктемдегі жер


Жүресің-жүресің, ұшын таппайсың,
Ары жүрсең, қайтып келесің.

Жер


Бір зат бар дүниеде құшағы кең,
Ұшқан құс, жүгірген аң бәріне тең.
Адамзат, жан-жануар арасында
Мәңгілік өсіп-өніп өмір сүрген.

Жер


Көкторғын көрдім мен
Көп асыл қадаған.
Адам жоқ өмірде
Асылын санаған.

Жер


Көк жүнді бір өгіз бар еті қара,
Тілгіле өне бойын етіп пара.
Етін жеп жатсам-дағы майын сорып,
Болмайды өлмек түгіл титтей жара.

Жер


Жаһанда бір алыпты көрдім күшті,
Барлық салмақ дүниеде соған түсті.
Қандайын дүниеде барлық жеміс,
Солардың атрабында құрап пісті.

Жер


Жамандық қып, шапқылап жарсаң басын,
Жақсылық қып аямас сенен асын.
Күні-түні сонда да тепкілейсің,
Айтпайсың оған тәңір жарылқасын.

Жер


Бір жатқан зор кемеңгер қара кісі,
Қимылдар сол кісіден елдің тісі.
Талқандап беті, жүзін тырнасаң да,
Бір ауыз неге үйттің деу емес ісі.

Жер


Қағар, қағар, қағар кілем,
Қағайын десе ауыр кілем.

Жер


Зер, зер кілем, зер кілем,
Көтерейін десем зор кілем.

Жер


Өлшеусіз піштім,
Жіпсіз тіктім.

Жер


Жапырақ жеп сілекей шығарады,
Сілекей жасын шығарады.

Жібек құрты


Көк төбеде көп болды,
Топырақ жалап тоймайды,
Несібесі неден жоқ болды.
Жетеу еді бедері,
Он төрт еді аяғы,
Балалықтан айтып жүрген
Жұмбақ еді баяғы.

Есек құрт


Бір ұяда жүз бөлек үй.

Араның ұясы


Шатыраш-шатыраш тау болар,
Көгершіндер ұялар,
Сорпасы адал болса да, еті арам,
Ол не болар?

Араның балы


Биік-биік тау болар,
Қаршығалар ұялар,
Еті арам болса да, сорпасы адал,
Ол не болар, балалар?

Араның балы


Біреуге найза түйрейді,
Өзі де содан күйрейді.

Ара


Бір нәрсе өзі нәзік тым-ақ сергек,
Қорқады бала-шаға, әйел, еркек,
Өзінің қаны адал, еті арам,
Мылтықсыз, я қылышсыз ұстайды ептеп.

Ара


Бір елеуіш жаным бар,
Көтере алсаң бәрін ал.

Құмырсқаның илеуі


Айдалада бір базар.

Құмырсқаның илеуі


Бір балуан өзі күшті, қайраты мол,
Өзінен үлкен затты көтерер ол.
Мейлі қыр, мейлі жота, мейлі төбе,
Қайқаңдап аса берер бәрінен де ол.

Құмырсқа


Бейнетқор көпшілікте көрдім халық,
Күнінде бір отырмас дамыл алып,
Өзінен ауыр жүкті көтереді,
Үйінде жатып жейді рахаттанып.

Құмырсқа


Белең-белең, белең ат,
Белі нәзік күрең ат.
Тауға мінсе таймас ат,
Талау тисе өлмес ат.

Құмырсқа


Аттанған бір шаһарға қырық мың қосын,
Қолында өзі жаяу, несі болсын.
Қолында еш нәрсесі болмаса да,
Өзіне тауып алар несібесін.

Құмырсқа


Бір шаһар дөп-дөңгелек үлкен үйдей,
Ішінде кәрі-жасы бәрі бірдей.
Кәрісін де жасын да әрқашан айырмасын,
Таң қалған қандай дерек мұны білмей.

Құмырсқа


Арқасы домалақ,
Аяғы ұзын.

Өрмекші


Еңбекші үй ішінде мекендеген,
Сым арқан дүниеге жетер деген.
Қарқара қара құсша түрін жайып,
Дүниеден уайымсыз өтем деген.

Өрмекші


Шидиген ұзын сирағы,
Тастай керең құлағы.
Сөйтіп жүріп көп жерге
Аспалы торлар құрады.

Өрмекші


Дүниеде бір кемпір бар тіпті кәрі,
Жіп төгіп, өрмек құрып, тоқыр шәлі.
Алады айламенен ала бүркіт,
Табыңдар немене екен мұның мәні

Өрмекші


Көрдің бе бір нәрсе тұр дөп-дөңгелек,
Аз тұрса сол жерінде болады көк.
Жерінде бір күн тұрған үш күн тұрса,
Өзіндей кетеді екен үш есе боп.

Кене

Жұмбақ бөлімдері мен түрлері

Жұмбақ жауабымен: балаларға, логикалық, қызықты және тақырыптық бөлімдер.