Жұмбақтар жауабымен – 76-бет


Тұрады кісі келсе сары болып,
От пен су тұрады жары болып,
Ішінде қазынасы сол сары алтын,
Жақсылар бөліп алады бәрі болып.
Түйенің төрт табанындай табаны бар,
Мойынына сәлде салады кәрі болып,
Өзінде ашып кірер есігі бар,
Дәм татып шығатұғын тесігі бар.

Самауыр


Бір таудан бір таудың басы биік,
Тұрады ортасына бәле жиып,
Бәленің зардабына шыдай алмай,
Жіберді бұтына сиіп-сиіп.

Самауыр, керней, суы


Беті үлкен тым-ақ өзге денесінен,
Бұлаңдап түсіп шығар кемесінен,
Ішіне қарын-қарын суды құйып,
Шығады сүңгіп-сүңгіп денесімен.

Ожау


Айтайын мен бір жұмбақ табасың ба,
Таба алмай аң-таң болып қаласың ба?
Дарияның ортасында қоңыр үйрек,
Құйрығы дарияның жағасында.

Қазан, қазанның ішіндегі шөміш


Мұрыны бар кеудесінде ұзын тұрғы,
Салғаны құлағына үлкен сырға.
Басында кемерленген кепесі бар,
Бейнеті арылмайтын бір бишара.

Шәугім


Бір нәрсе жансыз, аяғы жоқ,
Су мен шөптен басқа тамағы жоқ.
Ішін ашып қарасаң әрбір кезде,
Тұрады жегендері жабағы боп.

Шәугім


Аузын тартса,
Демін тартқан сөзі бар.

Шәугім


Атқа мінді,
Отқа қырды.

Шойын ыдыс


Бір нәрсе көлге қарап аузын ашқан,
Түседі аузына талай қашқан.
Болғанмен басы қиын, түбі рақат,
Онымен талай адам жағаласқан.

Қазан


Аяғы жоқ, қарны тоқ,
Құлағы бар, басы жоқ.

Қазан


Бір мешкей бар төрт құлақты,
Қою, сұйық жегізіп жұртқа ұнапты.

Қазан


Болғанда бір атасы, төрт баласы,
Адамзат толған қоршап айналасы,
Қойсаң да айдаһардың аузын ашып,
Адамға қызмет ету бар шарасы.

Қазан


Түгел айтсаң не барын,
Төрт құмалақта бір қарын.

Қазан


Қабақта қара бурам шөгіп жатыр.

Қазан


Бір жігіт үш белбеу байланады.

Бесік


Дүниеде күйме көрдім төрт аяқты
Дөңгелек екі басы ай сияқты.
Төрт есік, мәткесі бар, уығы жоқ,
Үзік жоқ, туырлық жоқ, түндігі жоқ,
Құс төсек мамық жастық, біреу жатыр,
Көңілі уайымсыз жай сияқты.

Бесік


Бір нәрсе екі түрлі заттан болған,
Адамзат шығарады істеп қолдан.
Жұмсаймыз уақытымен тазалыққа
Өмірі ақырында бітер содан.

Сабын


Бұдан кір қорқады,
Судан бұл қорқады.

Сабын


Өзі кірді ашады,
Суға салсам қашады.

Сабын


Бар екен бір асыл зат белін буған,
Қаншама жиренбейді лас судан.
Жаны жоқ, кеудесінде болса-дағы,
Қалмайды көп жиылған ұлы дудан.

Шылапшын


Адам жоқ, салмақ салмаған,
Орны жоқ, кезіп бармаған.
Тізе бүкпей әлі тұр,
Сонда да таяғы талмаған.

Орындық


Бір нәрсе ет жемейді, су ішпейді,
Үстінен оның, сірә, жан түспейді,
Шаршамас, белі талмас, сондай мықты,
Тұруға жалықпайды, беріспейді,
Міні жоқ, бойы сұлу болғанменен,
Таңырқап оны адам көріспейді.
Мінезі сол нәрсенің сондай жуас,
Бір-бірін бөтен малдай тебіспейді,
Жұмысын салтаң мініп бітірмесе,
Жегуге арба шана көніспейді,

Орындық


Төрт аяқты болса да жүре алмайды,
Өздігінен еш нәрсе біле алмайды.
Жайылған дүниеге бір ғажайып,
Тік көтеріп отырар адамдарды.

Орындық


Бір дария жерде де емес, көкте де емес,
Төрт тіреу төрт жағынан тұрады егес.
Үстіне алуан түрлі жеміс шашып,
Бірнеше үйрек келіп қонады еміс.

Үстел, тамақ, шыныаяқ


Бір нәрсе дөңгеленген төрт аяқты,
Көтерген үш уақыт барлық затты.
Жем беріп, сол уақытта келгендерге,
Етеді көңілін шат, әрі ауқатты.

Ас ішетін үстел


Арқасында азығы,
Бауырында қазығы,
Күнде шүлен тарқатар,
Оның неден жазығы?

Үстел


Төрт келінге бір орамал.

Үстел


Дөңгелек айналасы, үсті тегіс,
Табылар тарапынан түрлі жеміс.
Төртеуі ағайынды тату екен,
Олардан аулақ жүрер ұрыс-керіс.

Үстел


Басы жоқ, төрт аяқты, жансыз бір зат,
Құлағы жоқ, көзі жоқ, бейне бір ат.
Жүк артсаң әсте белі майыспайды,
Құйрық-жалсыз бұл өзі не қылған зат.

Үстел


Бір нәрсе су ішінде болды пайда,
Дарияға оны алатын дәурен қайда.

Айнадағы сурет


Үстінен ажырамас ағаш енді,
Қарасаң күлкісіне тамаша енді.
Сұлулық, көркемдікке әуес болған,
Адам менен өзі жүрер таласа енді.

Айна


Көлеңкесін көріспек,
Көріп тұрсаң күліспек.

Айна


Сүңгідім суға қарап етпетімнен,
Артыма бір қарадым кеткенімнен.
Әлгі су сүңгіп кеткен мұз боп қатты,
Тағы да шығар-шықпас еркі өзімнен.

Айна


Күнде оған қараймын,
Қара шашым тараймын.

Айна


Бір дария жерде емес, көкте де емес,
Дарияның аузы көмеш, түбі төгеш.
Суының мөлдірлігі таңқалғандай,
Ішіне ит түссе де арам емес.

Айна


Әрі отыр ләйлім құс,
Бері отыр ләйлім құс.
Көлеңкесі күмістен,
Күліп тұрған ләйлім құс.

Айна


Алдыма келіп бір сағым,
Көрінді менің көзіме.
Бұл қалай деп сенбеп ем,
Дәл келтірді өзіме.
Байқап тұрсаң бір ғажап,
Аждаһадай тұлғасын,
Сиғыздыра әкелген
Алақандай көзіне.

Айна


Егіз екі қарсы келді,
Арасына көк мұз түсе берді ,
Біреуі жанды, біреуі жансыз.

Айна


Адамды тартып алар көрсе өзі,
Мелшиіп қарап тұрар болмай сөзі.
Жанына барған кісі екеу болар,
Бетіне түртіп қалсаң шығар көзі.

Айна


Бір көл бар, мөлдір емес, лас емес,
Ішіне ит түссе де арам емес.

Айна

Жұмбақ бөлімдері мен түрлері

Жұмбақ жауабымен: балаларға, логикалық, қызықты және тақырыптық бөлімдер.