Өлең, жыр, ақындар


Жатса - қояндай,
Тұрса - түйедей.

Шымылдық



Жайса - көлдей,
Жиса - жеңдей.

Шымылдық



Түнде түйедей,
Күндіз түймедей.

Шымылдық



Жайсам - жамшыдай,
Жисам - қамшыдай.

Шымылдық



Дүниеде бір қақпас бар құйған қыштай,
Ішінде түрлі аң жатыр іші пыспай.
Қапастан сол аңдарды шығарған соң,
Отырар құрмет етіп ұстай-ұстай.

Шкафтағы заттар



Болғанда бір ауызға екі қақпақ,
Еркінде адамзаттың ашып, жаппақ.
Қаншалық өрнек-өрнек азық-ауқат,
Ішінде сол нәрсенің қойған сақтап.

Шкаф



Бір нәрсе өзі жансыз керіледі,
Қампиып қарны торсық көрінеді.
Ісі бар және о-дағы таңғажайып,
Сабаса екі жақтап семіреді.

Құс төсек



Болғанда беті гүлді, асты сырлы,
Жинаған арасына жүн-жүбірді.
Төрт бұрыш, тоқсан жолды торқасымақ,
Халінше адамзатқа пайда қылды.

Көрпе



Көп жерде кездеспейді осы шұбар,
Шұбарға мінген жанның бәрі құмар.
Жүк артып мінсе-дағы қанша оны,
Сонда да арықтамас ол жануар.

Кереует



Бір нәрсе төрт аяқты, екі басты,
Көтеріп адамзатты көңіл ашты,
Бір адым жерге өзі бара алмайды,
Аяғы болса-дағы қозғалмасты.

Кереует



Бір итім қабаған,
Аузына темір жамаған.

Әбдіре, кебеже



Төрт бұрышты,
Бір ауызды.

Әбдіре



Бір нәрсе төртпақтасып ұйықтап жатыр,
Қарнына көрінгеннің бәрін жұтар.
Адамзат қажеттісін іздегенде,
Қаңқ етіп ала ғой деп аузын ашар.

Әбдіре



Күндіз бай,
Түнде кедей.

Жүк



Үйде жездем жатыр,
Жез белбауын орап жатыр.

Сыпырғыш



Бес жерінен буынған,
Еңбек десе жұмылған.

Сыпырғыш



Сақалы жоқ, шашы бар,
Бет-аузы жоқ, басы бар.
Белін бекем байлаған,
Қоқсықты қоймай айдаған.

Сыпырғыш



Бір үйден бала көрдім басы жалпақ,
Белінде белбеуі бар бунақ-бунақ.
Тымтынып үй ішінде жүгіреді,
Ерте-кеш, анда-санда, уақ-уақ.

Сыпырғыш



Белі бір, белбеуі он бір,
Кетпейді өмір бойы бетінен кір.

Сыпырғыш



Бір қыз қарап тұр,
Шашын тарап тұр.
Белін буып тұр,
Бетін жуып тұр.

Сыпырғыш