Оқу жабдықтары, оқу құралдары, білім жұмбақтары – 4-бет


Зыр жүгірген шегенің
Ізін қуып келемін.
Сол із менің өзімнің
Сырымды айтып береді.



Сулары жоқ, –
Көлдері бар.
Үйлері жоқ, –
Елдері бар.
Тастары жоқ, –
Таулары бар.
Қарбыздай-ақ
Аумағы бар.



Жүрісі кейде жылдам, кейде шабан,
Мұрнында тесігі бар ине табан.
Азығын шайнамайды тек жұтады,
Ақ дала сусындайды шөлдесе онан.



Ағаштан киген тоны бар,
Пышақпен ұшын жонып ал.
Ақ қағаздың бетіне,
Иректеп салған жолы бар.



Төркінін танысаң,
Жақ аштырмайды.
Танымасаң жарастырмайды.



Айғағы жоқ,
Айтары көп
Айтқанынан
Қайтары жоқ.



Бойлаған сайын тереңге,
Шығасың биік белеңге.



Бір шыққан соң орнына қайтып кірмес,
Қай жақтан келерін де адам білмес.
Азаттығы сонымен дүниенің,
Онсыз тірі ешкім де дәуір сүрмес.



Қате жазсаң,
Өшіремін.
Бар міндетім –
Осы менің.



Қабат-қабат, қабат-қабат ағаш үй.
Әйнектелген, лакталған тамаша үй.
Тұрады онда әр дәуірдің адамы,
Тұтпайды оны адамның тек наданы.



Мұрнын басса, жабыла сап,
Ернін басса, ашылады,
Ол жоқ жерде, бақыласақ,
Жеті аспабың шашылады.



Әрі итерсең аунайды,
Бері итерсең аунайды.
Түрі-түсі түгелдей
Анасынан аумайды.



Жез қораның ішінде
Темір құлын кісінеп,
Қайта келіп ісіне
Кіріседі кісі көп.



Дүниеге тұмсықсыз-ақ келеді,
Дегенменен тұмсығынан еледі.



Жоқ өзінде бас та,
Қас та,
Мойын да.
Ұзындығы жазулы тұр бойында.



Құдығымды қапқа салып,
Бірге өзіммен жүрем алып.
Сәйгүлігім әлсін-әлсін
Су ішеді аузын малып.



Білерімнің куәсі,
Білмесімнің куәсі.
Іші толған қолтаңба,
Алып шығам әр таңда.



Қалтамда өмір сүреді,
Қанға толы жүрегі.
Аяғынан тұрмайды,
Төбесімен жүреді.


Жұмбақ бөлімдері мен түрлері