Ақ тақырда қара дән,
Қолмен сеуіп, сөзбен көр.
Бір жанды бір жансызға мінгеседі,
Жүгіріп әр жерлерден із кеседі,
Тоқтамай жолдан жолды іздеп жүріп,
Ойлаған бір орынға кездеседі.
Ата тегі ағаштан болды,
Ақылын тауып, әсем жанды.
Теңіз беті шимайланды,
Бірақ ойым симай қалды.
Бір құс бар бұлбұл деген ұзын мұрын,
Сөйлесе келтіреді сөздің нұрын,
Үстіне көкше мұздың жорғалаған,
Құс жоқта сөйлейтұғын одан бұрын.
Бес кісі тәуекел деп түсті жолға,
Сенгені бесеуінің жалғыз жорға.
Басқаны сол жорғаның бітті болды,
Кетеді қамшыласа оң мен солға.
Бес үйрек суда жүрер саныменен,
Қаршығам төңкерілер айнаменен.
Жұмбақты табар болсаң, ойланбай тап,
Бір аққу жолдас болған бәріменен.
Үш батыр қолдарына алды найза,
Су ішіп бір құдықтан етер пайда,
Бірінсіз бірі жұмыс ете алмайды,
Тарайды еңбектері талай жайға.
Бес жанды бір жансызға мінгескен,
Айналып ақ тақырдан із кескен.
Бес жігіт сапар шегіп шықты жолға,
Мінгені бесеуінің жалғыз жорға.
Бір кісі он әскермен жүреді ылғи,
Әскері мұздан бөрік киеді ылғи.
Кісі отырып, әскері қызмет қып,
Еңбегі иесіне тиеді ылғи.
Он қойым өміріме болады азық,
Инемен суарамын құдық қазып,
Жатсам да, тұрсам-дағы өз қасымда,
Өзімнен көрген емес кейін қалып.
Зерек бала қолданса,
Көңлі тояр.
Жалқау бала қолданса,
Қол-аяғын бояр.
Ағартуға жоқ,
Қарайтуға әйдік-ақ.
Дүниеде бір құдық бар қайнап жатқан,
Ішінен су шығады мың сан батпан,
Сол құдық сондай-ақ көп болса-дағы,
Бетіне бетегесі шығып жатқан.
Бір ыдыс әркімдерге болған аян,
Бір жерде сабыр етіп, қылмас баян.
Әркімнің қолында жүр оның суы,
Ол судан ақыл табар барлық адам.
Үш адам мініп алып жалғыз жорға,
Үшеуі тәуекел деп түсті жолға.
Ізінен жорғасының тәлім қалып,
Кетіпті жаппай тарап қолдан-қолға.
Үшкір ғана бір нәрсе айыр басты,
Құдықтан көзге сулап төкті жасты.
Кеппейтін мәңгі бақи жастың ізі,
Дүниенің бәріменен араласты.
Бір құс бар дарияда тұмсығы ұзын,
Жаны жоқ жанды малдан жүрер бұрын.
Бұл жұмбақ талай жерде айтылып жүр,
Еш адам шеше алмайды бұдан бұрын.
Бір құс бар екі тілді сайрап тұрған,
Үстінде мәуесі бар жайнап тұрған.
Ішетін суы да көп, ішу де көп,
Құдығы тасбұлақтан қайнап тұрған.
Өзгені бақытты етем деп,
Өзі қажалып кетеді.
- Оразбай Сарыбаев
- Оразбай Сарыбаев
- Оразбай Сарыбаев
- Оразбай Сарыбаев
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі