Жануарлар мен құстар туралы жұмбақтар – 11-бет


Иір мүйіз,
Сүйір мүйіз,
Ай қабақты,
Май бұғақты,
Тұла бойы
Бұқа мойын,
Бұл қандай түлік,
Сен де оны ал біліп?



Түрі жылқы бейнесі,
Жолақ-жолақ жейдесі.



Қаймықпайды күшті аңнан,
Қорқады тек тышқаннан.



Тік жардай түсті,
Шұбатылған
Тұмсығы күшті.
Таситын жүкті,
Бұл қандай мықты?



Түлкі ұқсас тұрқы,
Бір тоймайтын құлқы.
Аңдитыны тастан,
Құс пен тышқан.



Жез бейнелі өзі,
Кең дала еркесі,
Мөп-мөлдір көзі.



Мүйізінен таралған,
Жанға шипа дәрі алған.



Төбесінде қу бұтақ,
Алар екен кім бұтап.



Ат та емес, ит те емес,
Тістейтінін қайтерсің.



Кішкене ғана бойы бар,
Айналдырған тоны бар.
Қанар қапта не болса,
Бәрін жейтін ойы бар.



Ары жүгір қара шарт,
Бері жүгір қара шарт.
Тал түбіне тасталған,
Жылқыны қарнына қыстырған.
Түйені ерніне жапсырған,
Мұрты бар, сақалы жоқ,
Айт дегенде аяуы жоқ.



Бір жігіт ақ боз үйден шыға келді,
Үстінде алтай қызыл ішігі бар.
Жалма-жан қол көтеріп сәлем берді,
Жанында кейде нөкер, күшігі бар.



Бір нәрсе төрт аяқты, мал басты емес,
Не адам, не дерексіз албасты емес.
Астында бір нәрсесі салбыраған,
Аттың жалы, атанның шудасы емес.



Көк ала бас көк бура,
Сырты сұлу, күмбездей,
Далада оттап жүрсе де
Бауырын жазып шаба алмас,
Үйірін іздеп таба алмас.
Үстіне киген киімі
Бір жыртылса жамалмас,
Оны адамзат баға алмас.



Базардан келген көк лөк,
Көк лөктің көзі көк.
Үстіндегі Жәнібек,
Жәнібектің жаны жоқ.



Өмірі шықпай үйден бір,
Өз үйін өзі сүйреп жүр.



Сауыттан мықты шапаны,
Жиырылып кейде жатады.



Жау келсе қатты сасады,
Құйрығын тастай қашады.



Иір-иір ізі бар,
Құлағы жоқ, көзі бар.
Түсі суық ызғарлы,
Ауызында айыр бізі бар.



Кемпір - тіссіз,
Жүрсе - ізсіз,
Тисең - зиянды,
Өлтірсең - қиянды.



Орманнан шығар,
Сырты шұбар.
Ала түрлі,
Кілтең сырлы.



Жоқ екен бір құйрықтан басқа қару,
Ешқандай кәсіп етпес, пайда табу.
Өзіне жастан болған әдет екен,
Мақұлыққа жақындасқан найза салу.



Жап-жалаңаш мақұлық,
Адам көрер түрі жоқ.
Тиіп кетсе қақсатар,
Қабырғада міні жоқ.



Айыр-айыр тілі бар,
Шұбар ала түрі бар,
Бәр жәндіктің ішінде,
Қауіптісі сол, біліп ал.



Дүниеде бір найза бар сапталмаған,
Мүлкім деп ешбір адам сақтамаған.
Бұрынғы өтіп кеткен қариялар,
Найзаның тиген жерін мақтамаған.



Айтайын бір жұмбақты сізге батыр,
Өзінің асты кеуек, үсті жалтыр.
Қазандай қара тастың бауырында,
Бір сүйір адам таппас зәрлі жатыр.



Жылт-жылт еткен,
Жылға сайын өткен,
Бар адам безген.



Аяғы жоқ, қолы жоқ,
Жүріп кетсе жолы жоқ,
Үстіне біткен жүні жоқ,
Сыйдырып қойған таспадай,
Сипаласаң міні жоқ.



Ұзын-ұзын, ұзын келер,
Ұзын бойлы қыз келер,
Қабақтары қалтырап,
Маңдайлары жалтырап.


Жұмбақ бөлімдері мен түрлері