Табиғат туралы жұмбақтар – 5-бет


Алыстан «Айдын көл» дейсің,
Жақын барсаң, көрмейсің.



Санының жоқ есебі,
Көлемі тез өседі.
Ұстай қалса ашуы,
Түйдек-түйдек көшеді.
Кетпесе тек сұйылып,
Қара жерге шүйіліп.
Ақырады айбармен,
От қамшысын үйіріп.
Өңі қара түнектей,
Желкілдейді үлектей.
Түседі ақыр аспаннан,
Сансыз ұзын жібектей.
Кезсе дала – қаланы,
Қуанып ел қалады.
Сондай сәтте көз жасын,
Төгіп-төгіп алады.
Жердің шөлін қандырып,
Тірлік бағын жандырып –
Кетеді,
Бұл кәдімгі?



Ақ көбелек секілді,
Жерге жылдам жетуді,
Аңсай ма екен?
Төпелеп.
Түсіп көктен төтелеп,
Қыстыгүні жауады,
Тазартады ауаны.
Көк аспанның еркесі,
Жердің аппақ көрпесі.
Жұмсақтығы мақпал,
Ол кәдімгі?



Аспан – атам егілді,
Қабырғасы сөгілді.
Жанарынан санақсыз,
Жас тамшысы төгілді.
Жердің беті әп-сәтте,
Ақ маржанға көмілді,
Күн шыққанда дидары,
Ғайып болды, не білді?



Жылт-жылт етіп жыланша сумаңдайды,
Қысы-жазы жортса да қиналмайды.
Күллі жанды, жансызды қандырса да,
Ешкімге де бәлсініп бұлданбайды.
Он сегіз мың ғаламда ол болмаса,
Адамзатта жасайтын күй қалмайды.



Тамсандырып кіршіксіз келбетіне,
Қыс күндері қонады жер бетіне.
Көктем келсе елжіреп, қара жердің,
Кіріп кетер қойнына – кеудесіне.



Су ма десең су емес,
Бу ма десең бу емес.
Көшіп жатыр далада,
Толқын-толқын бір елес.



Айдаһардың арқасына жатып ап,
Күн суыса шыға келер шатынап.
Бірақтағы, жоғалады зым-зыя,
Көктем келіп бусанғанда атырап.



Қусаң мойын бұрмайды,
Қайрасаң да тұрмайды.
Қашан шаршап біткенше,
Ескеуілдеп тынбайды.
Ол келгенде теректер,
Бас шұлғысып шулайды.



Көзіңе көрінбейді, ысқырады,
Еліріп кейде қатты ышқынады.
Өзінің болмаса да қол-аяғы,
Жолыққан бар нәрсеге күш қылады.



Түнде сөнемін,
Таңертең қайтып келемін.



Күмбірлетіп тау ішін,
Қайталанды дауысым.



Дауысынды қайталап жырақта,
Айнытпай жеткізер құлаққа.



Айтқаныңды айнытпайды,
Қайталайды өзіне.
Тіл қатқанмен қаймықпай,
Көрінбейді көзіне.



Төгiлiп жерге ақ моншақ,
Ғайып болды сол шақта-ақ.



1 ағаштың 12 бұтағы бар, әр бұтағында отыздан жапырағы бар, жапырақтың 1 жағы ақ, 1 жағы қара?



Аспандағы алып доп,
Жарқырайды жарық боп



Ағайынды бəрi:
Шықса – көк,
Түссе – сары.



Күндіз бар да, түнде жоқ,
Онсыз өмір мүлде жоқ.



Ғажап көпір аспалы
Айшықтап тұр аспанды.



Төбедегі сылдырмақ
Төмен түсті құлдырап.
Сылдыр-сылдыр сылдырмақ
Сынып қалды сыңғырап.



Бұлт ішінде бурыл ат кісінейді.



Будақ түтін түсі аппақ,
Көк жүзіне тұзақтап.
Қойғандай-ақ жылжымай
Тауды өбеді құшақтап.



Бірде селбір жабағы,
Бірде теңбіл жабағы.



Аяғы жоқ, қолы жоқ,
Жүретұғын жолы жоқ.
Мінезі де жеңілтек,
Тіл алмайтын бір тентек,
Шөпшілердің шөбін шашты,
Қалпағымды ала қашты.



Ақ шапанын үстінен
Алты ай бойы шешпеді.
Қара шапаны үстінен
Алты ай бойы түспейді.



Ақ сиыр туып кетер,
Қара сиыр жатып қалар.



Қарағайсыз, тақтасыз,
Көпір салдым балтасыз.


Жұмбақ бөлімдері мен түрлері