Ыдыс-аяқтар туралы жұмбақтар – 2-бет


Аппақ, ұзын қозғалмай жатыр сулап,
Сол нәрсе қолға түссе кетер турап.



Сүбелі, бүйірі бар, қабырға жоқ,
Жүреді екі қолымен омыртқа жоқ,
Ал өзі өмір бойы жер баспайды,
Бақай, тірсек, тілерсек, тобық та жоқ.



Асқа бармайды,
Аспаздан қалмайды.



Үйректің өзі тереңде,
Ақ құйрығы ернеуде.



Жаңа табақ түбі тесік,
Тақ-тақ етті,
Астынан керуен өтті.



Бір жансыз, өзі жаңа, дөп-дөңгелек,
Жұтатын қисабы жоқ тамақ керек,
Өзіне керек асын бере берсең,
Қылады ірлі-уақты екі бөлек.



Көз алмассың жүзінен,
Үй өткерер көзінен.



Кішкене ғана аран,
Асты толған боран.



Үйге біткен бәйтерек,
Жапырағы жыртық терек,
Жапырағы жыртық болса да,
Бәйбішеге сол керек.



Тап-тап етеді,
Астынан керуен өтеді.



Ана беттен бір ұрды,
Мына беттен бір ұрды.
Апам ұра берген соң
Аппақ тозаң құйылды.



Жоғарыдан асқан,
Ортасына көр-жөр басқан.



Тамаша құстар көрдім құйған қыштай,
Қапаста жатыр алтау іші пыспай,
Қапастан сол алтауы шыға келсе,
Қылады әркім құрмет қолын ұстай.



Бір ағаштан үй тіктім, тиып-қиып,
Ішіне неше мың жан кетер сыйып,
Тек біріне ғана сен тиіп қалсаң,
Баршасына кетеді бүлік тиіп.



Кең балақтың ішінде
Кетпен сап болады.



Жансызда бір жансыз бар тоймайтұғын,
Қолында шоқпары бар қоймайтұғын,
Белінде үш-төрт жерден белбеуі бар,
Өзі өлмесе, белбеуі тозбайтұғын.



Аузы бар да тісі жоқ,
Оны ұрмаған кісі жоқ.



Үлкен келін есік ашты,
Кіші келін ұрып қашты.



Буынын басса, былқ етер,
Тайып кетсе, шық етер.



Айдаһар жылан көрдім екі басты,
Бір басы бір басынан екі елі асты.
Аузына қанша нәрсе түссе-дағы
Аптығып өз-өзінен жұта алмасты.



Түнде буаз, күндіз қысыр,
Күндіз буаз, түнде қысыр.



Бір бием желіні жетіп егіз тапқан,
Айғыры туар күні үйірін тапқан.
Бірі ұлпал, ласының бірі жаңқа,
Япырай, неткен зерек мұны тапқан.



Көк өгізім гүрілдейді,
Жансыз ағаш дірілдейді.



Бір нәрсе аяғы бар, тұяғы жоқ,
Мойны бар, басы менен құлағы жоқ.
Артында бір көлденең ағашы бар,
Сонда да мал секілді сияғы жоқ.



Аузы бар да тілі жоқ,
Құйрығы бар да жүні жоқ.



Ымпиттым да жымпиттым,
Жүнін алып сымпиттым.



Кішкене ұлым бар,
Кірген-шыққан сүйеді.



Он екі аққу, бір тақыр,
Бір тақыр көлді жағалайды.



Тұтқасы бар ұстайтын,
Алақандай жерге қыстайтын,
Сағат болмай көшеді,
Тиіп кетсең ұшады.



Бір қарыс, екі тұтам бойы бар-ды,
Өзінің сақилықтан ойы бар-ды.



От басында омпиған,
Омырауы томпиған.



От басында бүкір шал,
Тірлігіне шүкір шал.



Мұрны ұзын, аузы көрдей қара кемпір,
Төркіні Бұқар жақта, өзі жесір,
Бір күні бұл қашып кетер-ау деп,
Сыртынан бес кісіні қойдық кепіл.


Жұмбақ бөлімдері мен түрлері

Жұмбақ жауабымен: балаларға, логикалық, қызықты және тақырыптық бөлімдер.