Аңшы, аңшылық, қару-жарақ туралы жұмбақтар – 2-бет


Өзінен аузы үлкен,
Аузынан да
Тістеген азығы үлкен.



Қара күшігім қаңқ етті,
Дауысы Бұхарға жетті.



Өмір-өмір өмірден,
Жаққан оты көмірден.
Шыңырау деген бір құс бар,
Жұмыртқасы темірден.



Судыр-судыр жүрегім,
Судыр қара дөненім.
Желіп кетсе жеткізбес,
Түсіп кетсе таптырмас.



Су ішінде өрмек құрдым,
Ала жаздай ермек қылдым.



Сүмбелі теректі,
Қызыл желекті.
Ерден қалмайды,
Жауда керек-ті.



Құрт іліп, суға малып алдым,
Тереңнен балық алдым.



Білетін бар жұмысы:
Әлемнің төрт бұрышы —
Оңтүстік пен солтүстік,
Батыс пенен шығысы.



Көліксіз өмір сүрмейді,
Ғұмыры жаяу жүрмейді.



Пайдаланып тұрғанда
Тастайсың суға лақтырып
Пайдаланып болған соң,
Арқалайсың сорғытып.



Жалғыз бағыт білері,
Бұрғаныңа көнбейді.
Жол көрсетіп береді,
Бірақ өзі көрмейді.



«Бөрік» емес десем,
Баста ғана тұрағы.
«Бөрік» дейін десем,
Көзді жауып тұрады.



Бір денеде үш ін,
Бір інде өткір жұқасы.
Келесі екі қос әлібін –
Сақтайды отағасы.



Денесі жоқ, аузы қас,
Аузына түскен құтылмас.



Бүтін дейін десем бүтін емес,
Жыртық дейін десем ұстағанын жібермес.



Бүтін дейін десем бүтін емес,
Жыртық дейін десем жыртық емес.
Жануармен ұрыс салады,
Өне бойы тыртық емес.



Бір нәрсе жұдырықтай іші қуыс,
Адамға әр уақытта болар туыс.
Бір ердің мақұлығы тоқтатады,
Адамға мұны таппақ қиын жұмыс.



Бір нәрсе сырты бүтін, іші қуыс,
Бір елден пошымын ол қаратады,
Қарасаң бар денесі бір-ақ уыс.



Салса жұтқыр,
Бермесең тілейді,
Берсең-“алам”- дейді,
Өзің түссең-“қалам”- дейді.



Бар екен бір айдаһар жалғыз тілді,
Ұқсамас еш сипатқа оның түрі.
Өзі жансыз айдаһар жандыны алған,
Жеріне жақындаған кетпес тірі.



Қолымда жібек баулы жалғыз таяқ,
Сүйреттім ойдан қырға аямай-ақ.



Құдайдың құдіретіне қылдым нәсіп,
Қалады шыққан кезде бір-ақ тасып,
Құдайдан күні-түні тілек тілеп,
Жатады көкке қарай аузын ашып.



Дөңгелек үңірейген тесіктер,
Белгісіз сықырлаған есіктері,
Есігін байқаусызда түртіп қалсаң,
Жібермей ұстай алған кәсіптері.



Бір нәрсе өзі жансыз, жандыны алған,
Оны жұрт киізге орап көрге салған.
Біраз күн көр ішінде жатып-жатып,
Бір күні өзі кетіп орны қалған.



Ақылы бар, басы жоқ,
Аузы бар, денесі жоқ,
Қолы бар, аяғы жоқ.



Жапанда бір айдаһар бұғып жатқан,
Оятып өз жанынан қаза тапқан,
Нәрсеге не болса да өзі тажал,
Аяғы сондай мықты жерге батқан.


Жұмбақ бөлімдері мен түрлері