Сөйлейді жан жоқ кеудесінде,
Қызықты мағына бар кеңесінде.
Суретін шежіре етіп тартып берер,
Болғанын қанды майдан егесінде.
Жаны жоқ сөйлеп тұрған денесінде,
Ұмытпай мәңгі қалған сөз есінде.
Тарихтан бұрынғы өткен хабарлайды,
Мәделі тығулы тұр кеудесінде.
Есіксіз үй кішкене,
Әңгіме айтар кей шақта.
Жан адам жоқ ішінде,
Ән де салады кей уақытта.
Ай болмас айдан айға ауыспаған,
Ақылын пенде біліп тауыспаған.
Дүниеде өзі жансыз, ғажап екен,
Адамзат тиіп кетсе дауыстаған.
Адам емес, тілі бар,
Әрбір үйден табылар.
Үй емес жалғыз тұрағы,
Көшеде де тұрады.
Бір бұлбұл отырады салып әнді,
Жүруге аяғы жоқ, емес жанды.
Өнері қандай асқан деп ойлаймын,
Әп-сәтте жер түбінен хабар алды.
Бір нәрсе қуыс-қуыс болған өзі,
Адамша естіледі айтқан сөзі.
Дауысы анық болып шыққанменен,
Көрінбес бас-аяғы екі көзі.
Бір нәрсе доп-домалақ ақылы зерек,
Қолына ұстағаны ағал терек.
Беліне орағаны мәсен белбеу,
Ауыздан шыққан сөзді білер зерек.
Бір жәшік төрт бұрышты сырғасы бар,
Көтерсең сырғасынан даусы шығар.
Қанша алыс болсаң-дағы екі сырға,
Есітіп бір-біріне жақын қылар.
Шыр-шыр етеді,
Құлағыңнан өтеді.
Ұстай алсаң,
Сөйлеп кетеді.
Көзге түртсең сөйлейді,
Көзім ауырды демейді.
Сұрауға жауап береді,
Адамға осы керегі.
Бір құсым бар жаны жоқ,
Қанатының саны жоқ.
Кісіге өзі тым жақын,
Сөйлесуге дамыл жоқ.
Жылдам барып қайтады,
Не айтсам соны айтады,
Жатырқамайды ешкімді,
Бекер деп кім айтады.
Судан шықты тасбақа жылмаңдаған,
Қайқайтып ап тұмсығын сумаңдаған.
Денесі болат темір сондай мықты,
Артқы жағы бұрқылдап, сырдаңдаған.
Үйрек емес, қаз емес,
Балық емес судағы,
Өзі жүзе біледі.
Жемі көмір және май,
Шешуін кім біледі?
Дүниеде бір нәрсе бар бек қуатты,
Бойына жиып алған салтанатты.
Төбеде екі түрлі айдары бар,
Жүреді су сабалап құс қанаты.
Бардым базарға,
Алдым бір жорға,
Жорғалаттым жолдан жолға.
Мысықтан зор бойы бар, бірақ жансыз,
Адамға пайдасы көп тіпті сансыз.
Бірдей қызмет атқарды малменен ол,
Үстіне шығарар ол еш амалсыз.
Кем көрмеймін аттан өзін,
Мініп жүрем баптап өзін.
Бірақ аттай жем жемейді,
Болдырмай, шөлдемейді.
Бір зымырақ дүниеде екі аяқ,
Күш берген оған дағы аямай-ақ
Адамды көтеріп ол ұшады екен,
Былқылдап құс төсектей жұмсақ тұяқ.
- Конфуций
- Конфуций
- Эдвард Дж. Стиглиц
- Нельсон Мандела
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі