Өлең, жыр, ақындар


Кезікті бір жануар,
Үстінде екі тауы бар.
Мойны ұзын, көзі үлкен,
Бұл не,өзің тауып ал?

Түйе



Маң-маң басқан, маң басқан,
Шудаларын шаң басқан.
Екі өркешін қом басқан,
Алабота, теріскен,
Мұрындығы келіскен,
``Шөк!``- дегенде, ``бық!`` -деген,
Шешіп үйін жүктеген,
Бұл не деген жануар?

Түйе



Маң-маң басып келеді,
Тапырақтап желеді.
Мойны ұзын, үсті тау,
Ертеден елге бел еді.

Түйе



Таптым-таптым, тап жорға,
Табаны жалпақ боз жорға.

Түйе



Болғанда қоян ерін, шыққан құлақ,
Тұлыбы шоқайғандай жатыр сұлап.
Жүруге қызметкер дайындалса,
Жалшыдай күні біткен кетер жылап.

Түйе



Бір байдың енші алыпты бір баласы,
Алғаны алпыс тоғыз ірі қарасы.
Төрт жерден түлікке желі қағып,
Үш жерден орнатылған мұнарасы.

Түйе, алпыс тоғыз-күйісі, төрт желі-аяқтары, үш мұнара екі өркеші, басы



Шайқап басын,
Бір төмен, бір жоғары,
Тұрса ол, Тосын
Үйде самал соғады.

Желдеткіш



Бір басы — қамал,
Бір басы жәй ашық,
Аяғы төртеу,
Алаңы — самал,
Жатқанға жақсы жайласып.

Кереует



Белбеуі шынжырдан,
Су тартады шұңғылдан.

Шығыр



Қолға алсаң, қызмет етер,
Бүтінді
Бөлшектеуге шебер.

Пышақ



Жалыңды үрлеп шалқытады,
Темірді бірлеп балқытады.

Көрік



Қыздырып соқсаң иленеді,
Балға мен төстен именеді.

Темір



Тасты қияқ,
Батыл басар,
Темір тұяқ.

Таға



Қара батыр,
Бұғып жатыр.

Қақпан



Басып қалсаң түндікті,
Шап етеді бір мықты.

Қақпан



Қысқаштай сабы бар,
Қос садақ жағы бар.

Қақпан



Қос жағы бар,
Бір сабы бар.
Бассаң тілін,
Сарт етіп жабылар.

Қақпан



Сояудай әр тырнағы,
Шөпті жияр қырдағы.

Тырма



Басы — қылыш нұсқасы,
Сабында бар тұтқасы.

Шалғы



Қылышты өткір шайқадым,
Қырдың шашын жайпадым.

Шалғы