Өлең, жыр, ақындар


Көрдің бе бір нәрсе тұр дөп-дөңгелек,
Аз тұрса сол жерінде болады көк.
Жерінде бір күн тұрған үш күн тұрса,
Өзіндей кетеді екен үш есе боп.

Кене



Бір нәрсе алды биік, арты аласа,
Доп илер кешке дейін бір тамаша.
Мылтығын атайын деп оңтайланар,
Өзіне айтқан сыйы ұнамаса.

Сасық қоңыз



Қарайып ұшқанменен қарға емес,
Ін қазғанменен түлкі емес.
Арқасындағы боқшасы,
Жинағанмен мүлкі емес.

Қара қоңыз



Әуеде ұшып жүрген аэроплан емес, құс емес,
Арқасына байлағаны ірімшік емес, құрт емес.
Бауырға барып ін қазады,
Қасқыр емес, түлкі емес.

Қоңыз



Ұшқанда өлең айтады,
Қонғанда жер қазады.
Мұны да ойлап көріңіз,
Шешуін кім табады?

Қоңыз



Бір мақұлық бар қазық аяқ,
Қарғып-қарғып түседі тазыдай-ақ.

Шегіртке



Жаз бойы әндеткен,
Күз болған соң сән кеткен.

Шегіртке



Айдар ауызды,
Қоян құлақты.
Бөкен санды,
Қылыш құйрықты.

Шегіртке



Ит басты,
Қошқар мүйізді,
Борсық кеуделі,
Бөкен санды.

Шегіртке



Тайқы маңдайлы,
Сиыр мұрынды,
Балық сыртты,
Жылан бауырлы,
Есек сауырлы.

Шегіртке



Бір ғажап төрт аяқты, құс қанатты,
Көреді күндік жерден адамзатты.
Қолында қылдан нәзік күрзісі бар,
Япырай, тиген жері тастан қатты.

Маса



Аспанда қыран сары кісі алады,
Болғанда кешке жақын ән салады.
Құдайдың құдіретіне қарап тұрсаң,
Түтікпен тақыр жерден су алады.

Маса



Айтамын мен бір жұмбақ сарасынан,
Мекке мен Мәдиненің арасынан.
Тамаша сірә мұндай көрдіңдер ме,
Анасы туады екен баласынан.

Қалып



Бір адам кейпі жаман, жалпақ бетті,
Тауыпты ерге тимей қырық перзентті.
Әр қайсы тоқсан алты бала туып,
Ол өзі жансыз талай мыңға жетті.

Бір, қырық қадақ, тоқсан алты мысқал



Сабы бар екі қарыс, басы қуыс,
Істейді адамзатқа күнде жұмыс.
Бәрінде жан біткеннін бірдей көрер,
Міндетті қызметін етпес бұрыс.

Метр,өлшеуіш



Кішкентай ғана місіре,
Тәмәм елдің жесіре.

Тиын



Жер жүзінде бір қыз бар,
Қырық ерге тиіпті,
Тиіпті де шығыпты
Және тағы қыз екен.

Ақша



Дүние аты мәшһүр болған қымбат,
Ықшамды әдемілік, сонда сымбат.
Мақсатың көңіліндегі табылады,
Адамға ықыласпен қызмет қылмақ.

Ақша



Кішкентай ғана безер,
Жер дүниені кезер.

Күміс ақша



Алты аяғы бар,
Талдан таяғы бар,
Арқасында құйрығы бар,
Иесінен бұйрығы бар.

Безбен